Тимофей Скатов Испаниядағы Жирона турнирін сәтті бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 175-ракеткасы Тимофей Скатов Жирона (Испания) челленджер турнирінің іріктеу сайысын сәтті өткізді.

Іріктеуде бірінші ракетка болып тіркелген Т.Скатов алдымен дүниежүзілік рейтингіде 305-орында тұрған франциялық Артур Геаның меселін қайырды — 6:2, 7:6 (8:6).
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында рейтингіде 609-сатыдағы Израиль өкілі Даниэль Цукерманды тас-талқан қылды — 6:0, 6:3.
Бір сағат 23 минутқа созылған бәсеке барысында Скатов 8 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды.
Тимофей Скатовтың негізгі турнирде әлемнің 103-ракеткасы, боливиялық Уго Дельеннен өтуге тырысып көреді.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 258-ракеткасы Денис Евсеев бастапқыда екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты кездесуде рейтингіде 304-орындағы испаниялық Николас Альварес Варонаны тізе бүктірді — 7:5, 7:6 (7:4). Алайда Д. Евсеев іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 209-ракеткасы, аустриялық Лукас Ноймайерге есе жіберді — 1:6, 0:6.
Негізгі жарыста Қазақстанның екінші, әлемнің 98-ракеткасы Александр Шевченко бастапқы кездесуінде-ақ жеңіліп қалды. Доданың 2-ракеткасы болып тіркелген ол алғашқы айналымда рейтингіде 207-сатыдағы ливандық Бенджамин Хассанға жол берді — 4:6, 6:1, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Мексикадағы жарыста қарсыласын айқын басымдылықпен ұтқанын жазған болатынбыз.