Тимофей Скатов Италиядағы жарыста қарсыласын камбэкпен тізе бүктірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 308-ракеткасы Тимофей Скатов Тоди (Италия) челленджер турнирін жеңіспен бастады.

тимофей скатов
Фото: skatov_timofey/Instagram

Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін әлемнің 220-ракеткасы, Перу өкілі Гонсало Буэномен өткізді.

Бірінші партияда перулік спортшы 6:4 есебімен басым түсті.

Есесіне содан кейін Скатов бет қаратпады. Қалған екі сет те 6:1 есебімен Тимофейдің пайдасына шешілді.

Екі жарым сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде Скатов 1 эйс, 7 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті. Буэно 12 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды. 

Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін рейтингіде 592-орындағы италиялық, 20 жастағы Филиппо Романомен шеберлік таластырады.

Қазақстандық теннисші өткен аптада Бонн (Германия) челленджер жарысының финалына дейін жеткен еді.

Т.Скатов қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде бірден 254-орынға көтеріліп тұр. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Цинциннати турнирінің төртінші айналымына жолдама алғанын жазған едік. 

Сондай-ақ қазақстандық жас теннисшілер Германиядағы жарыста топ жарды.

Соңғы жаңалықтар