Тимур Мұратов: Дәрі-дәрмекпен қамту — қоғам денсаулығын қорғаудың негізгі факторы
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада «Қазақстанның Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстанның дәрі қауіпсіздігін қамтамасыз ету: талдамалық тәсіл және жаңа сын-қатерлер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры Жанна Байдашева, «Химфарм» АҚ бас директоры Адам Алексеюк, Польша Республикасының Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда мырза, профессор Ниевада, доктор Ланд және доктор Рыхвальски сынды спикерлер қатысып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі орнықтылықты арттыруды көздейтін жүйелі шешімдер әзірлеу, жергілікті өндірісті ынталандыру және мемлекет пен жекеменшік сектор арасындағы әріптестікті нығайту мәселелерін талқыланды.
— Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету — қоғам денсаулығын қорғау саласындағы негізгі факторлардың бірі. Қазіргі тұрақсыздық жағдайында көп мемлекет, соның ішінде АҚШ пен Еуропа елдері де бар, дәрі-дәрмек қауіпсіздігін мемлекеттік саясаттың міндетті элементі деп қарастырып отыр, — деді Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
«Қазақстанның Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры Жанна Байдашева денсаулық сақтау секторы өкілдерінің бәрінің күшін біріктірудің маңызын атап өтті.

— Талқылауымыздың өзегі — жергілікті өндірісті дамыту, отандық компаниялармен тиімді әріптестік тетіктерін қалыптастыру және әділ де теңгерімді патенттік саясат. Біз дәрі-дәрмекті мемлекет есебінен сатып алғанда едәуір негізді шешім қабылдауға мүмкіндік беретін медициналық технологияларды сараптау (HTA) секілді құралдарға ерекше назар аударамыз. Біздің ортақ мақсатымыз — өмірлік маңызы бар әрі сапалы дәрі-дәрмек елдің кез келген өңіріне, қажет уақытында және әділ бағамен жетіп, оған тұрғындар қол жеткізе алғанын қамтамасыз ету, — деді ол.
Польша дженерик өндірушілер қауымдастығының вице-президенті, фармацевтикадағы құқық саласы маманы Гжегож Рыхвальски ұлттық өндірістің стратегиялық маңызына тоқталды.
— Жергілікті өндіріс — өмірлік маңызы бар және аса қажет дәрі-дәрмектерді тұрақты түрде қамтамасыз етіп отырудың маңызды тетігі. Артықшылығы — логистика тізбектерін қысқартып, қор деңгейін бақылай аламыз, дәрі-дәрмек науқасқа жақын және баға түзілуі ашық болады, — деді Гжегож Рыхвальски.

Талқыланған тағы бір маңызды тақырып — дәріхана желілеріне дәрі-дәрмек жеткізу тұрақтылығы мәселесі болды.
Іс-шара қорытындысы бойынша жергілікті өндірісті дамыту, фармацевтика орнықтылығын қолдау және халықаралық тәжірибе алмасуды кеңейтуді көздейтін бірқатар ұсыныс әзірленді. Ол ел Президентінің қарауына ұсынылып, Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында қарастырылады.
Айта кетелік Үкімет басшысы Олжас Бектенов Түркі мемлекеттері ұйымы делегациясы басшыларымен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының денсаулық сақтауды дамыту мәселелері жөніндегі өңірлік бюросының директорымен кездесу өткізді.