Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме деңгейін сақтау себебін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме деңгейін сақтау себебін түсіндірді.

- Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,5 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Шешім экономикалық өсім мен инфляцияның жаңартылған болжамдары, сондай-ақ сыртқы және ішкі жағдайлар мен тәуекелдер балансы ескеріле отырып қабылданды. Экономикадағы инфляциялық қысым, ең алдымен, қызметтер мен азық-түлік саласында күшейіп келеді. Инфляциялық күтулер де жоғарылады. Сұраныс ұсыныстан артып отыр. Тұтынушылық несиелеудің әлі де жоғары болуы инфляцияны қосымша күшейтуде, - деді ҰБ төрағасы.
Тимур Сүлейменов сыртқы экономикалық конъюнктура құбылмалы болып тұрғанын айтты.
- Әлемдік азық-түлік бағасы өсіп, мұнай бағасы төмендеді. Ал, Ресейде жоғары инфляция сақталып отыр. Осындай жағдайда тәуекелдер балансы проинфляциялық жақта қалды. Инфляциялық күтулерді төмендетіп, инфляцияны тұрақты түрде бәсеңдету үшін ақша-кредит саясатының қазіргі қатаң деңгейін ұзағырақ сақтау қажет болып отыр. Дезинфляциялық үдерісте пайыздық саясатпен қатар қосымша шаралар да маңызды рөл атқарады, - деді ол.
Бұған дейін Тимур Сүлейменов криптовалютаға инвестиция салуға қатысты пікір білдірген еді.