11:59, 19 Желтоқсан 2018 | GMT +5
Тимур Сүлейменов: ЕАЭО бірыңғай электронды валютасын құруға жол берілмейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ЕАЭО-ның бірыңғай электронды валютасын құру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл ұсыныс емес, оны ресейлік ұлттық төлем одағы талқылап жатыр. Оларда бірқатар ұсыныстар бар көрінеді, алайда бұл ұсыныс ресейлік тараппен ресми жария етілмеген. Дәл осылай Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы да ұсыныс жасай алады», - деді министр Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Сонымен қатар, ол Қазақстан тарапы аталған ұсынысты қолдамайтынын атап өтті.
«Біз оны қолдамаймыз. Осыны жеке өзім де ұстанып отырмын. Ұлттық валюта - ол біздің егемендігіміздің символы, яғни Әнұран, Ту және Елтаңба секілді. Сондықтан біз оны сақтап, дамытуымыз керек. Осы орайда, қандай да бір квази, прокси валюталарға жол бермеуіміз қажет», - деді Тимур Сүлейменов.