Тимур Сүлейменов: Қазақстандағы долларды ресейліктер жаппай сатып алады деп қорқудың қажеті жоқ

АСТАНА. KAZINFORM – Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ресейдің валюта нарығындағы құбылыстардың Қазақстанға әсері туралы пікір білдірді.

тимур сүлейменов
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Кейбір сарапшылар «Мәскеу биржасына» салынған санкциядан кейін Қазақстандағы долларды ресейліктер жаппай сатып алады деген болжам айтып жатыр. Осыған байланысты Ресей рублін Қазақстанда конвертациялауға тыйым немесе шектеу қойыла ма? – деп сұрады журналист.

Тимур Сүлейменовтің пайымдауынша, ондай шараға қажеттілік жоқ.

«Жоқ, қазіргі таңда шектеудің ешқандай қажеті жоқ. Өйткені біз көріп отырған құбылыс тек 1-2 процент көлемінде. Меніңше 1-2 процент үшін шектеу жасаудың ешқандай қажеті жоқ», - деді ол.

Сондай-ақ, Т.Сүлейменов теңгенің қазіргі әлсіреуі қазақстандық экспорттаушыларға қолайлы деп есептейтінін айтты. 

«Өздеріңіз көріп отырсыздар, қазіргі таңда 1 рубльдің бағамы 5,2 теңге болып тұр. Сондықтан иә, теңгеміз кішкене әлсіреді. Бұл деген - біздің экспорттаушыларымыз үшін өте бір тиімді құбылыс. Өйткені олардың тауарлары ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттірек болады», - деді Ұлттық банк басшысы.

Соңғы жаңалықтар