Тимур Сүлейменов теңгенің нығаюына түрткі болған себептерді атады

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің төмендеуі мен мұнай бағасының арзандауы аясында теңгенің нығаюына қатысты пікірін білдірді.

Тимур Сүлейменов
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, ұлттық валютаның АҚШ долларына қатысты әлсіреуіне негіз болатын алғышарттар жоқ.

— Бізде алғышарттардың бірі ғана: базалық мөлшерлеме 17 пайызға дейін төмендетілгеннен кейін теңгелік активтердің тартымдылығы құлдырап, доллар бағамы күрт өседі деген пікір айтылды. Алайда, бұл орын алған жоқ. Бағам бұрынғыдай 487–488 теңге шамасында саудаланып жатыр, — деді Ұлттық банк төрағасы Сенаттың жалпы отырысынан кейін.

Оның пайымынша, ұлттық валюта бағамының нығаюына Таяу Шығыстағы шиеленістің бәсеңдеуіне байланысты мұнай бағасының төмендеуі де әсер еткен.

— АҚШ пен Иран арасындағы алдын ала келісімнің нәтижесінде мұнай бағасы күрт төмендеді. Бұған дейін бір баррелі шамамен 100 доллар болса, қазір таңертеңгі мәлімет бойынша 78 доллар деңгейінде сияқты. Соған қарамастан, бұл да теңге бағамына айтарлықтай әсер ете алған жоқ, - деді Ұлттық банк басшысы.

Ол қазіргі уақытта теңге бірқатар себепке байланысты нығая түскенін атап өтті.

— Сарапшылар да, нарық та, жалпы ойыншылар макроэкономикалық тұрақтылықты, инфляциямен күреске бағытталған саясатты және сапалы әрі инклюзивті экономикалық өсімге ұмтылысты көріп отыр. Сондықтан осы факторлардың аясында теңге өзін жеткілікті түрде берік ұстап келеді, — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Ұлттық банк цифрлық теңге айналымын 1 трлн теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр.