Тимурдың тілегі
Өзінің айтуынша, кәсіп ашудағы зор тәуекелге қарамастан, ол бірден Астананы таңдаған. «Неліктен мұндай таңдау жасадыңыз?» деген сауалға Тимур еш ойланбастан: «Алдымен, жас елордамыз маған қатты ұнайды. Оны бар жан-жүрегіммен сүйемін. Екіншіден, өзімнің өмірімді осындай үлкен қарқынмен дамыған жас қаламен байланыстырғым келді. Қаламен бірге дамуды өзіме мақсат етіп қойдым» деп жауап берді.
Бизнес дегеніміз - зор тәуекелге бел буу. Сол тәуекелдің түбі қаншалықты сәттілік әкелетінін ешкім тап басып айта алмайды. Мәскеулік жас жігіт те солардың қатарынан еді. Үлкен қаладағы жобасы құрдымға кетіп, қыруар ақшасынан айрылды. Оның бұлайша сүрінуінің екі себебі бар болатын. Бірі - албырттығы, екіншісі - тәжірибесінің аздығы. Алайда ол алға қойған мақсатынан бас тартпады. Қазақстанның жаңа елордасында өмірінің жаңа парақтарын жазғысы келді. Сөйтіп, нар тәуекелге белін буып, Есілдің жағасындағы әсем қалаға аттанды.
- 2013 жылы Астанаға келіп, өзімнің кәсібімді ашуды ұйғардым. Себебі, бұл жерде әлемге әйгілі америкалық Tutti Frutti мұздатылған йогурты әлі жоқ екенін білдім,- деп бастады әңгімесін Тимур Қалтаев. - 2013 жылы аталған компаниямен келіссөз жүргізіп, 2014 жылы мамыр айында Астанадағы «Мега-Астана» сауда орталығынан алғашқы дәмханамызды аштық. Алғашында бізді екі жағдай қатты қорқытты. Біріншіден, Астана - әлемдегі ең суық елордалардың бірі. Мұндай қалаға мұздатылған йогурт әкелудің тәуекелі зор болды. Екіншіден, бұрын-соңды бас қалада мұндай өнім болмаған. Сол себептен біз қазақстандық тұтынушының өз өнімімізді қалай бағалайтынын бағамдай алмадық. Алайда бізді күтпеген табыс күтіп тұрды. Алғашқы дәмхананы ашқан сәттен-ақ тұтынушылардың кезегі бүгінге дейін бір толастаған жоқ. Жарты жылдан кейін «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығынан тағы бір дәмхана аштық. Түптеп келгенде, барлық іс-жоспарымыз толық жүзеге асырылды. 2015 жылдың қазан айында Алматыдағы Мега-орталықтан үшінші дәмханамыздың есігі айқара аштық. Ендігі ойымыз - халықаралық желіні Қазақстанның барлық аймағында дамыту. Сайып келгенде, тәтті өнімдер саудасын еліміздің барлық үлкен қалаларынан ашқымыз келеді.
Дәмі тіл үйретін тәттілерді жақсы көрмейтін адам кемде-кем. Әсіресе, балалар жазғы демалысын тәттісіз көзге елестете алмайды. Ал Tutti Frutti-дің тәтті йогурттары Астанада ерекше құрметке ие. Өйткені ол америкалық компанияның өнімі болғанымен, мұхиттың арғы жағынан тасымалданбайды. - Йогуртты және т.б. өнімдерді толықтай Қазақстанда дайындаймыз. Әрбір қонаққа жаңадан дайындалған өнім ұсынылады. Біз мұздатылып, контейнерге салынған йогуртты басқа жақтан әкелмейміз. Өнім тұтынушының көз алдында дайындалады. Ол жерде тек қана йогурт қана емес, сондай-ақ топингтер (иогуртқа қосылатын тәтті қосымшалар), жаңа піскен жидектер, печеньелер, мармеладтар бар,- деп бөліседі өнімнің құпиясымен Т. Қалтаев. Оның айтуынша, йогурт дайындауға қажетті өнімдердің бәрі - қазақстандық. Себебі қазақстандық өнімдер шетелдікінен сапасы жөнінен бірде-бір кем түспейді. Мысалы, йогуртқа керекті сүтті отандық сүт өндіретін зауыттан сатып алады. Маусымдық жидектердің барлық түрлері де өзіміздің өнімдер. - Жазғы мезгілде қазақстандық құлпынайды пайдаланамыз. Ал, қыстыкүні Қазақстанда құлпынай өспейтіндіктен шетелден тасимыз,- дейді кәсіпкер.
Қаржылық дағдарыс бұл кәсіпорынға бәлендей салқынын тигізген жоқ. Құрылғанына небәрі 2,5 жыл болған ұжым 25 қызметкерінің жалақысын уақытында төлеп отыр. Кәсіпорындағы тұрақтылық өнімнің сапасына, бірінші басшысының кәсіби біліктілігіне көп байланысты. Осы тұрғыдан алғанда 26 жастағы кәсіпкер жігіттің өз ісін жан-тәнімен сүйетініне көз жеткізесің. - Әрине, қаржылық қиыншылықтың бары рас. Біз қазір мемлекеттік бағдарламаларға мониторинг жасаймыз. Себебі, мемлекеттің қолдауына сүйенгіміз келеді. Мысалы, өткен жылы «Даму» бағдарламасы бойынша өтінім бердік, бірақ банк оны мақұлдамады. Биыл тағы да «Дамудың» франшизамен айналысатын кәсіпорындарға қаражат бөлетін бағдарламасына құжат тапсырамыз,- деп бөлісті алдағы жоспарларымен Т. Қалтаев. Қазіргі кезде Tutti Frutti-дің өнімдерінің алуандығы 80-нен асады. Ең бастысы, кәсіпорын өзінің мәзірінде бар өнімдермен шектелмей, жаңа дәмдегі йогурттар шығаруда. Бұл бір кездегі жаңадан кәсіп бастаған Тимурдың «Жас елордамен бірге дамимын» деген тілегінің толық орындалғаны емес пе?!.