Tinder-дегі «Нұрай»: 4 млн теңгеге алаяқтық жасаған жігіт сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада интернет арқылы алаяқтық жасаған 20 жастағы қала тұрғынына үкім шықты. Ол танысуға арналған Tinder қосымшасына әйел адамның атымен «Нұрай» деп тіркеліп, өзінің Telegram аккаунтына сілтеме қалдырған. Бұл туралы А

стана қаласы прокуратурасы мәлім етті.

алаяқ
Фото: ІІМ

— Telegram-да бейтаныс қыздың суретін қойып, жалған парақша ашқан. Содан кейін жәбірленушімен тілдесіп, кездесуге уәде беріп, әртүрлі сылтаулармен одан ақша сұрай бастаған. Қаскөйдің арам пиғылынан бейхабар жәбірленуші үш айға жетпейтін уақыт ішінде 4 млн теңгеден астам қаржысын аударған, — делінген хабарламада.

Сот айыпталушыны ақпараттық жүйе пайдаланушысына қатысты ірі көлемде жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп таныды.

Қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар — жасаған ісіне шын өкінуі, келтірілген мүліктік залалды өз еркімен өтеуі және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескеріле отырып, сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.

— Интернеттегі сенім үлкен шығынға әкелуі мүмкін. Виртуалды «таныстардың» арбауына түспеуге және сақ болуға шақырамыз, — деп ескертті прокуратурадан.

 

Соңғы жаңалықтар