Тірлігі қауырт тілшілер карантин кезінде қалай жұмыс істеуде

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирус дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің күнделікті тыныс-тіршілігіне де өзгеріс енгізгені айтпаса да түсінікті. Өйткені елімізде аталған індетке байланысты төтенше жағдай жарияланғаннан кейін әдетте Ақордада, Үкімет пен Парламент үйінде, түрлі жиындар, конференциялар өтіп жататын жерлерде камерасы мен микрофонын, диктафоны мен фотокамерасын ұстап, спикер айтқан маңызды ақпаратты қағып алып, ұтымды сәтті таспалап үлгеруге тырысатын журналистер қауымының басым бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Осыған орай елордалық тілшілер қауымының қазіргі сәттегі жұмысы қалай өзгергенін білуге тырысқан едік.
None
None

Алғаш болып хабарласқан «Хабар 24» арнасы жаңалықтар бөлімінің бас редакторы Бақытжан Омар карантинге байланысты «Хабар» мен «Хабар 24» арналарының жаңалықтар қызметі бірге жұмыс істеп жатқанын айтады.

«Бізге «Хабар» қосылды. Себебі олардың жаңалықтары уақытша тоқтап, тілшілері мен операторлары бізге көмекке келді. Жұмыс таңғы 7-де алғашқы эфирден басталады. Шығарушы редакторлар 3 ауысыммен жұмыс істейді. Тілшілер таңғы 7-ден кешке дейін, сосын тағы бірнеше тілші түнгі бірге дейін дамылсыз жұмыс істеп жатыр. «Хабар» агенттігі карантин уақытында барлық қызметкерлерін жұмысқа алып келу және үйіне дейін жеткізу үшін көліктер қарастырылған», - деді Бақытжан Омар.

Оның атап өтуінше, «Хабар 24» арнасының тілшілері күніне 30-ға жуық тікелей эфирге шығады. Әлемнің әр қиырындағы меншікті тілшілері де төрткүл дүниеде болып жатқан маңызды жаңалықтардан барынша жан-жақты ақпарат беруге тырысады.

«Тілшілер, режиссерлер, бейнемонтажерлар, операторлар, продюсерлеріміз демалыс күндері демей, барынша халықты ақпараттандыруға өз үлесін қосуда. Сондай-ақ аймақтардағы тілшілеріміздің де жұмысын атап өткен жөн. Барлығының қолында жұмыс орнынан берілген арнайы анықтамалары бар. Күн-түн демей, барлығы бірдей қызмет етуде. Әрине, бәріне бастысы сақтық шараларын қаперге алуын күнделікті ескертіп отырамыз», - деді жаңалықтар бөлімінің бас редакторы.

«ТДК 42» телеарнасының Нұр-Сұлтандағы бюросының тілшілері болса, карантинге байланысты қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Бюроның шеф-редакторы Әселім Әбілдинова онлайн жұмыс істеудің қиындықтарына тоқтала келе, әсіресе, қазақ тілді спикер табу басты мәселеге айналғанына қынжылады.

«Онлайн жұмыс істеуге көштік. Үкіметтің, Парламенттің жұмысын онлайн бақылауға тура келді. Карантин барысында министрлер беріп жатқан брифингтерде сұрақ жолдауға ғана мүмкіндік бар. Әсіресе, қазақ тілді спикерлерге зәруміз. Брифингке шыққандардың ішінде мемлекеттік тілде ақпарат бере алмайтындар кездеседі. Сарапшылардың пікірін телефонмен жазып алуға тырысамыз. Үйден отырып жұмыс істеу оңай емес екен. Оның үстіне, телераналар үшін қолда бар ақпаратты қанағат деп отыру қиын. Видеоматериал жинауымыз керек. Не керек, журналистер қолға түскен бар ақпаратты пайдаланып, қолдан келгенін жасап жатыр. Карантин талабын сақтау үшін бұған да көндік», - деді Әселім Әбілдинова.

Ал «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Қорған Төреқожа тәулігіне 24 сағат үзіліссіз хабар тарататын арна жұмысы коронавирусқа байланысты тіпті қауырт бола түскенін алға тартады.

«Күн демей, түн демей тікелей эфирге шығамыз. Тіпті демалыс күндерінде де әріптестерім жұмыста жүреді. Жаңалықтарымыздың уақыты бірнеше минутқа емес, сағатқа созылады. Ақпараттардың дені - індетке байланысты», - деді ол.

Карантинге байланысты енгізілген талаптар «Еуразия бірінші» арнасының жұмыс кестесіне де өзгерістер енгізіп отыр. Қазіргі уақытта бұл арна «Қайырлы таң», «Басты прайм» жобаларында жұмыс істейтін ұжымдық топтарды еңбек демалысына жіберген. Продюсерлердің, үйлестірушілердің біразы қашықтан жұмыс істеуге жіберілген. Жеңіл тақырыпты қозғайтын тілшілер үйден отырып-ақ скайппен тікелей эфирге қосыла береді. Ал сүбелі тақырыпты қаузайтын тілшілер «Қазмедиа» орталығына келіп жұмыс істеп жүр.

«Сарапшы, экономист, саясаттанушы, министрлік өкілдерінің пікірлерін скайппен жазамыз не өздері видеоға түсіріп, whatsapp-пен жібереді. «Қазмедиа» орталығының күзет қызметі қолғап, медициналық бетпердесіз ғимаратқа кіргізбейді. Залалсыздандыратын сұйықтықтар ғимараттың кіре берісіне, монтаж жасау бөлмесіне, тілшілер отыратын бөлмелерге қойылған. Әр ұжым өз қызметкерлеріне күнделікті бетперде мен қолғап береді», - деді телеарна тілшісі Артур Мағзұмов.

Қазақ өнері мен мәдениетінің, ұлттық руханиятымыздың қара шаңырағы - Қазақ радиосы да карантинге байланысты біраз тілшісін қашықтан жұмыс істеуге жіберген. Солардың бірі Қазақ радиосының жүргізуші-редакторы Алмас Байдрахман радионың күн сайын шығатын сараптамалық сұхбат түріндегі «Басты тақырып» хабарының 1 санын жүргізеді.

«Бүгінгі таңда елімізде, әлемде қандай жайттар болып жатқанын интернетті, әлеуметтік желілерді қарай отырып, қашықтан эфирге алып шығуға тырысып жатырмыз. Whatsapp және басқа да мессенджерлер арқылы тікелей эфирге қосылып, спикерден сұхбат аламыз. Үйіміздегі ноутбукке арнайы бағдарлама орнатып, сол арқылы қашықтан жұмыс істеудеміз. Хабарымызда эфирге шығатын күннің басты тақырыбын негізге ала отырып, халыққа қажетті ақпаратты дер кезінде жеткізуге күш салып жатырмыз. Жалпы редакциядағыдай барлық жағдай жасалған деп айта алмаймыз. Десек те, белгілі бір деңгейде ыңғайлы екенін байқадық. Себебі бұрындары сұхбаттасушыны эфирге алып келуде қандай да бір қиындық туындайтын. Мәселен, спикердің сұхбат беруге мүмкіндігі болғанымен, редакцияға келуге уақыты жоқ болатын кездер кездесетін. Ал қазір спикерлермен онлайн түрде сұхбат жазып алуға мүмкіндік болып отыр», - деді ол.

Кейбір ақпарат агенттіктерінде елордада кеңсе қарастырылмаған. Сондай агенттіктің бірі Zakon.kz порталының тілшісі Татьяна Ковалева карантин салдарынан жұмысында айтарлықтай өзгеріс бола қоймағанын, бұрын да үйден жұмыс істеп келгенін айтады. Дегенмен, ол қазіргі уақытта жұмысының көбейіп кеткенін жасырмайды.

«Брифингтің басым бөлігі елордада өтіп жатқандықтан, осы жерде тілшілер қосынына олардың барлығын жазуға тура келіп отыр. Яғни жұмыс нормадан тыс. Бұрындары шаралар кешкі сағат 18-19-да аяқталатын болса, қазір брифинг кешкі сағат 21-22-де басталуы мүмкін және олардың бәрін жазуымыз керек. Қала көшесіне шыққанда қауіпсіздік ережелерін сақтап, бетперде тағып, қолғап киеміз. Ең басты қиындық - қалада блок-посттар. Ол жерде 1,5-2 сағатқа дейін тұрып қалуың мүмкін», - деді ол.

Елорданың тыныс-тіршілігінен тұрғындарға хабар беретін «Вечерняя Астана» газеті де журналистерінің барлығын қашықтан жұмыс істеуге жіберген. Дегенмен, газеттің тікелей басылып шығуын қадағалайтын дизайнерлер, корректорлар және басылымның бас редакторы Лариса Увалиева редакцияға келіп, күнделікті жұмыс орнында отырады. Ал журналистер үйден материал жазып, электронды пошта арқылы редакцияға жібереді.

«Бастапқыда «кеңседе әлде қашықтан жұмыс істейміз бе» деп ойланған едік. Қазір шешіміміздің дұрыс болғанына көз жеткізіп отырмыз. Иә, қазір логистикада қиындықтар бар екені белгілі. Дегенмен, қолына газет тиген оқырмандарымыз хабарласып, ризашылықтарын білдіріп жатады. Басылымның үздіксіз жарық көруі адамдар үшін психологиялық тұрғыда да барынша маңызды. Өйткені біз қайда, кімге жүгінуге болатынын, қандай шаралар қабылданып жатқанын оқырманға жеткіземіз. Әрине, ақпарат іздеуде аздаған қиындықтар бар. Мәселен, сұхбат барысында тілшінің спикермен жүзбе-жүз кездескені дұрыс. Алайда, қазіргі жағдайда оған мүмкіндік жоқ екені белгілі. Әйтеуір ең жақсы спикердің барлығы үйлерінде отыр және тауып алу айтарлықтай қиындық тудырмайды», - деді басылымның бас редакторы.


Соңғы жаңалықтар