Титаник маңында жоғалған сүңгуір қайық: Мұхит түбінен беймәлім қирандылар табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Атлант мұхитында жоғалып кеткен «Титан» сүңгуір қайығын іздестіру аймағынан әлдебір жүзу құралының жарықшақтары мен сынықтары табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC агенттігіне сілтеме жасап.
None
Фото: OceanGate

Аталмыш хабарды АҚШ жағалау күзеті таратқан. Алайда бұл сынықтар «Титан» батискафына тиесілі ме, жоқ па - белгісіз.

Қирандылар жатқан қоқыс алаңын жоғалған сүңгуір кемені іздеп жүрген қашықтан басқарылатын аппарат тауып алды.

CNN хабарлауынша, қазір сарапшылар алынған ақпаратты бағалап жатыр.

Жағалау күзеті аз уақыттан кейін Бостонда арнайы брифинг өткізіп, жағдайдың егжей-тегжейін айтып береміз деп уәде берді.

Еске сала кетейік, жексенбіден бері құтқарушылар Атлант мұхитының солтүстік бөлігінде жоғалып кеткен сүңгуір қайықты іздеп жатыр.

Бортында 5 адам (Франция, АҚШ, Ұлыбритания және Пәкістан азаматтары) бар шағын «Титан» (Titan Sub) қайығы Солтүстік Атлантикадағы суға батқан «Титаник» кемесімен танысу үшін 4 мың метр тереңдікке сүңгіп кеткен.

Titan Sub – OceanGate компаниясына тиесілі шағын суасты аппараты. Салмағы – 10 тонна, ұзындығы – 6,7 метр.

Сыйымдылығы бес адаммен шектелетін аппарат 96 сағатқа тереңге бойлай алады.

Қазір Американың қарулы күштері Канада мен Франциядан келген әріптестерінің қолдауымен құтқару операциясына қатысып жатыр.


Соңғы жаңалықтар