Тікелей коммуналдық төлем: Алматылықтар ұжымдық келісімшарттан бас тартып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылықтар енді коммуналдық төлемді бірден қызмет көрсетушіге төлей алады. Бұл туралы «Алматы су» мекемесі хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, сумен жабдықтау үшін Пәтер иелері кооперативі (ПИК) есептеу жүргізетін ұжымдық шарттардан кезең-кезеңімен бас тарту жұмыстары басталды.
— Енді әрбір үй иесі өзінің жеке шотын алып, көрсетілген қызмет төлемдерін қалалық тариф бойынша делдалдарсыз қызмет көрсетушіге тікелей төлей алатын болады. Биыл қала бойынша 60-тан астам ұжымдық шарттар бұзылып, 15 000-нан астам жеке шарттар жасалды, — деп хабарлады «Алматы су».
Сондай-ақ мекеме «Айгерім-1» және «Айгерім-2» шағын аудандарында жеке шарттар жасасу бойынша жұмыстар басталғанын хабарлады.
— Бұрынғы қызмет көрсетуші кооператив 70 млн теңгеден астам берешек жинағандықтан, онымен жасалған шарт бұзылды. Желілер қазір «Алматы Су» мекесіне тапсырылды, — делінген мәлімдемеде.
Еске салайық, тұрғындар шарттар жасасу мәселелері бойынша Алатау ауданының қызмет көрсету орталығына жүгіне алады — Алматы қаласы, Чуланов көшесі, 109.
Бұған дейін 150 мың алматылықты сумен қамтамасыз ететін «Ақсай» станциясы қарашада іске қосылатынын жазғанбыз.