ТКШ бағдарламасы қарқынды жүруде, дегенмен кемшіліктер де бар
Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық форматтағы отырысында ҚР Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңарту бағдарламасына сәйкес көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу 2 тетік бойынша жүзеге асырылып жатқандығын атап өткен агенттік басшысының айтуынша, бірінші тетік бойынша Үкімет резервінен 1,9 млрд. теңге есебінен 106 үйді жөндеу жоспарланған. Жөндеу жұмыстары жоспарланған барлық үйлер кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. Барлық үйлердің мемлекеттік сараптаманы қоса алғандағы жобалау-сметалық құжаттамасы бар. «Ағымдағы жылдың 11 қарашасындағы жағдай бойынша 15 өңірдегі 91 үйде немесе жөндеуге жататын жалпы үйлердің 86 пайызында жұмыстар қарқынды жүруде. Республика бойынша бөлінген 1,9 млрд. теңгенің 950 миллионы немесе 50 пайызы игерілді. Ақтөбе облысы мен Астана қаласында бөлінген қаржы толығымен игерілді», - деді ол.
Екінші тетік бойынша Үкімет резервінен бөлінген 5,5 млрд. теңгеге 449 үйді жөндеу қарастырылғанын атап өткен С.Нокин: «Ағымдағы жылдың 11 қарашасындағы жағдай бойынша екінші тетік бойынша жұмыстар барлық өңірде жүргізілуде. Жұмыстар 402 үйде қолға алынған, бұл 89 пайызды құрайды. Республика бойынша бөлінген 5,5 млрд. теңгенің 3,9 млрд-ы немесе 67 пайызы игерілді», - деді.