Тікұшақ апаты: Құтқару операциясына қосымша 5 әскери бөлімнің күш-құралдары тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Сорбұлақ су қоймасы ауданында іздеу-құтқару операциясы 28 шілде күні таңертең де жалғасты. Сағат 04:30–дан бастап су беті мен жағалау маңын тексеру жүргізілді, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

тікұшақ апаты
Фото: Қорғаныс министрлігі

Сонымен бірге ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды пайдалану арқылы аймақта ұшу жүргізілді.

Іздеудің тиімділігін арттыру мақсатында жағалаудың оңтүстік бөлігін жердегі және судағы топтар қосымша іздеді. Аймақты жан-жақты қарау үшін су айлағы шартты түрде секторларға бөлінген. Суға 13 жүзу құралы жұмылдырылып, түбін тексеруге арнайы техникалық құралдар пайдаланылып жатыр.

құтқарушылар
Фото: Қорғаныс министрлігі

Күні бойы операция жүргізілетін ауданға басқа өңірлерден қосымша күш-құралдар жеткізілді. Оның ішінде Қонаев қаласынан — іздеу бөлімшесі, оған қоса Ақтау қаласынан — А-400 әскери-көлік ұшағымен жеткізілген жеке құрам мен техника да бар. Құрамында су айдынының жету қиын учаскелерін зерттеуге арналған сүңгуірлік жабдықтар, эхолоттар, катер мен қайық та бар.

— Операцияларға қосымша бес әскери бөлімнің күш-құралдары тартылды. Жұмыс тәулік бойы жалғасып келеді. Іздеу шаралары барысында тікұшақтың қалдықтары табылды. Оларды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Операция күрделі гидрография жағдайында өтуде. Соған қарамастан, барлық жұмылған бөлімшелер жүктелген міндеттерді барынша дәл және үйлесімді орындауды жалғастыруда, — делінген хабарламада.

әскери көлік
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп іздеуді аяқтау үшін барлық мүмкін шараларды қолданып жатыр. Қосымша ақпарат жаңа деректердің түсуіне қарай мәлімденетін болады.

Еске салсақ, 25 шілдеде Алматы облысында жоспарлы ұшу барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кетті.

26 шілдеде ТЖМ құтқарушылары жоғалған тікұшақтың бөлшектерін тапты.

Жоспарлы ұшып өту кезінде жоғалған Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағында болған адамдардың орнын анықтау мақсатында Сорбұлақ су қоймасы ауданында ауқымды іздестіру-құтқару операциясы тәулік бойы және күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар