Тікұшақ тізгіндеген Қытайдағы қазақ жігіті – шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Шыңжаңда Ораза айтқа үш күн демалыс беріледі — Harajorga

— Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкелік халық үкіметінің ресми сайты жариялаған 2025 жылғы мереке, мейрам күндеріндегі демалыс мәлімдемесіне негізделсек, келесі келетін заңда белгіленген мереке күні ретінде Ораза айт мерекесі (31 наурыз күні) болып, 29 наурыздан (сенбі) 31 наурыз күніне (дүйсенбі) дейін жалпы 3 күн демалыс беріледі, — деп жазады қытайлық Harajorga басылымы.
Сондай-ақ осы аптада «Harajorga»-да «Ауырған малға интернетте тегін диагноз қоятын текше ашылды» деген тақырыптаға ақпарат жарық көрді.

Шыңжаң мал ауруларын емдеудің онлайн диагноз қою және емдеу жұмысын AI жобасы бойынша интернет желісіне шығарды.
Атап айтқанда Шыңжаң Мал шаруашылығы ғылым академиясының мал ауруларын зерттеу орталығының мәліметінше, Шыңжаң Мал ауруларын емдеудің интернет желілері арқылы диагноз қою және емдеу жобасының AI моделі 2025 жылы қаңтар айынан бастап ресми түрде жұмысын бастаған. Сондай-ақ бұл жоба қалың егінші, малшыларға тегін қызмет көрсетуде. Қазір аталған әлеуметтік желіге тіркелген тұтынушылар саны 20 мыңнан асып, диагноз қою жұмысы 3 000-ға жеткен.
Қытайлық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, Шыңжаңда қазір 2 миллион 150 мыңнан астам бақташы бар. Соған байланысты кәсіптік мал дәрігерлері жетіспейді. Сондай-ақ Шыңжаңның жер көлемі кең болғандықтан мал дәрігерлері диагноз қойып, емдеу қажет болғанда мал дәрігерлерін күту керек болып қалады. Бұл мал індетінен сақтануға және алдын алуға тиімсіз. Сондықтан Шыңжаң Мал шаруашылығы ғылым академиясының мал дәрігерлігін зерттеу орталығы мен Шыңжаңдық Чисыхуа компаниясымен бірлесіп мал індетін онлайн емдеудің «Мал шипагері келді» атты емдеу текшесін ашқан.
Үндістан–Өзбекстан транспорт дәлізі Қазақстанға дейін ұзартылады — ӨзА
«Узтемирйулконтейнер» АҚ мәліметіне сәйкес, алғашқы пойыз 12 контейнерден тұрады және Мундра (Үндістан) портынан Сороковая (Қазақстан) станциясына аттанды.
Бағыт Иран, Түркіменстан, Өзбекстан және Қазақстан арқылы өтеді.
Жүк 1 585 км теңізбен, 4 300 км теміржолмен жеткізіледі.
Бұл туралы өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді.

Хабарламада айтылғандай, Логистикалық операторлар: «Узтемирйулконтейнер» АҚ (Өзбекстан теміржол экспедиторы), «TULM» АҚ (Түркіменстан транспорт-логистика орталығы), «Кедентранссервис» АҚ (Қазақстан логистика терминалдарының операторы).
Қазақстан темір жолы (ҚТЖ) баспасөз қызметі Үндістаннан Қазақстанға керамикалық плиталар жөнелтілгенін нақтылады. Жүктің жеткізілу мерзімі Бандар Аббас (Иран) портының жұмыс кестесіне байланысты шамамен 25-30 күн болмақ.
Өзбекстандық басылымның мәліметінше, бұл бағыт «Солтүстік–Оңтүстік» дәлізінің шығыс бағытын дамыту шеңберінде іске қосылды. Ол жеткізу уақытын қысқартып, тасымалдау шығындарын азайтады, сондай-ақ экспорттаушылар мен импорттаушыларға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстан бір жылда 3 млрд долларға жуық тоқыма өнімдерін экспорттады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, Өзбекстан 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында шамамен 2,9 млрд АҚШ долларына тең тоқыма өнімдерін шетелге экспорттаған.
Статистика агенттігінің мәліметінше, бұл көрсеткіш елдің жалпы экспортының 10,6%-ын құраған.
Экспорттың негізгі бөлігін келесі тауарлар құрады: Иірілген жіп — 1 237,3 млн доллар, дайын тоқыма өнімдері — 1 124,5 млн доллар, трикотаж маталар — 292,1 млн доллар, маталар — 145,9 млн доллар, шұлық бұйымдары — 42,6 млн доллар.
— Бұл көрсеткіштер Өзбекстанның тоқыма өнеркәсібінің қарқынды дамып, халықаралық нарықта сұранысқа ие бола бастағанын көрсетеді, — деп жазады «ӨзА».
Қытайдағы тікұшақ тізгіндеген қазақ жігіті — Халық газеті
Көктем келіп, табиғат ана бусанып, Шыңжаңның Іле қазақ автономиялы облысындағы Нарат жайлауы өзінің ең әдемі маусымын бастау алдында тұр. 23 жастағы қазақ жігіті Мейірбек Тілеубекұлы Robinson R44 тікұшағымен Іле өзені аңғарының көк аспанында жаттығу жасап жүр.
— Мейірбек бала кезінен аспанға ұшуды армандайтын еді. Колледжді бітіргеннен кейін интернатурадан өтіп, тікұшақ жүргізушісінің куәлігін алды, — деп хабарлайды Халық газеті басылымы.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, бүгінде Мейірбек — кәсіби тікұшақ ұшқышы. Көркем аймақтың танымалдығының артуына орай ол тікұшақпен жолаушыларды алып биіктен кең жайлауды, Өрікті сайының көрінісін тамашалатады.

Мейірбек тек ұшқыш қана емес, сонымен бірге жолаушыларға Шыңжаңның әдет-ғұрыптарын, жергілікті қызықты оқиғаларды шебер жеткізетін әңгімеші.
— Мейірбек жұмыс істейтін компания тау-кен аумақтарында медициналық құтқару және ұшақтармен жерге тұқым себу сияқты жұмыстармен де айналысады. Оның әуеде ұшқан уақыты 430 сағаттан асты. Болашақта Мейірбек ұшқыш мұғалім куәлігін алып, малшы отбасы балаларының көк аспан туралы армандарын жүзеге асыру мақсатында шәкірт тәрбиелеуді жоспарлап отыр, — деп жазады Халық газеті.
Сондай-ақ осы аптада Халық газетінде «Робот иттер мен жүргізушісіз көліктер Бейжіңдегі жолдарды күзетіп жүр» деген тақырыптаға ақпарат жарияланған болатын.

Аталған басылымның келтірген мәліметтеріне сүйенсек, 8 наурыздан бастап Бейжіңнің Экономикалық және технологиялық даму аймағында робот-ит пен жүргізушісіз патрульдік көліктер тобы бірге патрульге шыққан.
Бұл жақында Бейжіңнің Экономикалық даму аймағы енгізген жаңа буын интеллектуалды патрульдік жүйе. Жаңа буын интеллектуалды патрульдік жүйесі жасанды интеллект алгоритмдері мен үлкен деректерді талдауды сәтті біріктірген. Патрульге барлығы 18 дана l4 класты жүргізушісіз көліктер, 15 жүргізушісі бар патрульдік көліктер және 2 ақылды робот ит қатысқан.
— Тиісті жауапты тұлғаның таныстыруына сәйкес, «Патрульдік қызметтің тиімділігі дәстүрлі режимге қарағанда 3 есе жоғары. Бұл алдын алу мен бақылау аясынан тысқары аумақтардағы қауіптілікті айтарлықтай төмендетеді, - деп жазады қытайлық БАҚ.
ҚазҰУ-да Иран-Қазақстан ғалымдары бірлесіп жазған кітаптардың тұсаукесері өтті — ParsToday
12 наурызда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің ұйымдастыруымен Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерделеу бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы үшжылдық бірлескен жобалар аясында дайындалған кітаптардың тұсаукесері өтті, деп жазды ParsToday ақпарат агеттігі.

Ирандық БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, бұл кітаптар ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 19 маусымдағы Иран Ислам Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша берілген тапсырмасына сәйкес дайындалды. Аталған кітаптар Шығыс ойшылы, ғалым әл-Фарабидің еңбектеріне негізделген идеяларға сүйене отырып, иран мен қазақ халықтары арасындағы қарым-қатынас пен өзара түсіністік деңгейін кеңейтуге арналған.
Тұсаукесердің ашылу салтанатында ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Сәбит Суатай ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаевтың құттықтау хатын оқыды.
Жоба жетекшісі, Иран Ислам Республикасы сыртқы істер министрінің кеңесшісі Сейед Али Моуджани сөз сөйлеген.
Таныстырылымда бірқатар ирандық және қазақстандық ғалым қатысып, сөз сөйлеген. Іс-шараға сондай-ақ университет оқытушылары, докторант, магистрант, студенттер жиналған.
400 жылдық Ассирия базары Түркияда қалпына келтіріліп, қайта ашылды — TRT
Түркияның оңтүстік-шығысындағы Мардин қаласында орналасқан 400 жылдық Ассирия базары «Көшені сауықтыру жобасы» аясында толық қалпына келтірілгеннен кейін қайта ашылды.
Мардин әкімі Тунджай Аккоюн жобаның тек физикалық өзгерісті ғана емес, сонымен қатар аймақтың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан сауда, ынтымақтастық және ұйымшылдық дәстүрлерінің қайта жандануын білдіретінін айтты.
Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

«TRT»-ның дерегінше, бұл жоба аймақтың мәдени мұрасын сақтау жолындағы маңызды қадам ретінде ерекшеленеді. Жоба Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен үйлестіріліп, сондай-ақ губернаторлық, аудан әкімшілігі және түрлі мекемелердің қатысуымен жүзеге асырылды.
Ашылу салтанатында Мардин әкімі Тунджай Аккоюн қаланың тарихи маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол Мардиннің сан ғасырлар бойы көптеген өркениетке мекен болғанын айтып, оның бірегей мәдени және сәулеттік мұрасын жоғары бағалаған.
Аталған орталық ең көне қоныстарының бірі ретінде әртүрлі мәдениеттердің бір шаңырақ астында өмір сүруі мен бауырластық дәстүрін бейнелейтінін атап өтті.