Тіл саясатын дамытудың 6 жылдық тұжырымдамасы бекітілді

Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдасын бекіту туралы» Үкімет қаулысына қол қойды, деп хабарлайды Kazinform.

тұжырымдама
Фото: Kazinform

Мәлім болғандай, тұжырымдамадағы жоспарларды орындау мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында қолдану аясын кеңейтуге және оның мәртебесін арттыруға тікелей ықпал етпек.

Тұжырымдама 6 бөлімнен және іс-қимылдар жоспарынан тұрады.

Айқындалған басты міндеттің бірі - қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру. Ол жұмыстар әліпби нақты нормативтік құжаттармен бекітілгеннен кейін кезең-кезеңімен іске асырылады.

Жалпы, тұжырымдаманы іске асыру аясында 2029 жылға қарай мына нәтижелерге жетуге мүмкіндік бермек:

- республика бойынша қазақ тілінде сөйлейтін тұрғындардың үлесі -84%;

- үш тілде сөйлейтін тұрғындардың үлесі - 32%;

- жаңа әліпби мен емле ережесін оқыту курсымен қамтылған тұрғындар үлесі - 15%;

- орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тілде іс жүргізу үлесі - 94%;

- қазақ тілінің латын графикалы әліпбиінің емле ережесіне негізделген терминологиялық қордың үлесі - 40%.

Қаулы қол қойылған күннен, яғни 16 қазаннан бастап күшіне енді.