Тіл үйренушілер енді қазақ мақалдарын ағылшынша емін-еркін қолдана алады
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде қазақша-орысша-ағылшынша фразеологиялық сөздік жарыққа шықты.

Сөздіктің таныстырылымы елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті. Әдістемелік құралдың авторы — Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ілеспе аудармашы Камал Әлпейісова.


Еңбек мемлекеттік тілдің еларалық қатынастарда қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда, саясаткерлердің, журналистердің, ғалымдардың, ұстаздардың қазақ тіліндегі мақал-мәтел, тұрақты тіркес, қанатты сөздерін, яғни фразеологизмдерін басқа тілдерде қолдануға мүмкіндік береді.



— Әр адам ана тілін дамыту үшін өзінің қабілеті жететін шаруаны істейді. Біреу ән жазады, біреу өлең шығарады, біреу тіл ғылымын зерттейді. Мен өзіміздің тіліміздегі інжу-маржандарды — мақал-мәтелдерді, тұрақты тіркестерді басқа елдер де таныса, білсе дедім. Басында өз тілімізді жаңа меңгеріп жүрген бауырларымыз үшін қазақша-орысша сөздік жасағанмын. Ол сөздік 2006, 2011, 2016 жылдары шықты. Америкаға сапарымда талантты жастарды көріп, олар «біздің қазақ халқында мынандай мақал бар, оның ағылшыншасы былай деп айтып отырса ғой» деп армандадым. Сол ойдан осы кітап туды, — деді Камал Әлпейісова.

Сондай-ақ автор бұл кітаптың қазақша-орысша бөлігін өзі жазғанын, ал ағылшынша бағанын өзінің шәкірті, Шығыс Англиядағы Норвич университетін тәмамдаған Мерей Мәлікова жазып шыққанын айтты.

Сөздік оқырманның тіл байлығын арттырып, үш тілде еркін сөйлеуге, шешендік өнерді игеруге таптырмас құрал саналады. Қазіргі таңда ол 2000 данамен басылып шыққан және онлайн нұсқасы жасалып жатыр.


Атап өтерлік жайт, бұл еңбекке қазақтың 1001 фразеологизмі еніп отыр. Олар неғұрлым кең таралуы, қазақ халқының даналығын көрсете алуы, халықтар арасындағы байланыс кезінде жиі қолданылуы сынды критерийлер бойынша іріктеліп алынған.
Айта кетсек «Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры» ақпараттық жүйесін қалыптастыру қағидасы әзірленді.