Тілі жұтаң, өз ойын ашық жеткізе алмайтын балалардың көптігі кітап оқымағандықтың салдары – кітапханашы

Былтырдан бастап 24 қазан елімізде Кітапханашы күні болып бекітілді. Руханият ошағында маңдай терін төгіп жүрген бұл мамандық иелері көп жағдайда көлеңкеде қалып қойып жатады. Ал өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, кітап оқуға баулитын олардың еңбектері ұшан-теңіз.

ШҚО
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

Осынау мерекеге орай Kazinform агенттігінің тілшісі Өскемендегі О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада жемісті жұмыс істеп жүрген жас кітапханашы Таңнұр Башайды әңгімеге тартып көрген еді.

- Қазір кітапханашы мамандығына бет бұратын жастар аз секілді. Әлде мен қателесемін бе ? Жалпы өзіңіз осы мамандық иесі атанғаныңызға қанша уақыт болды ?

- Менің негізгі мамандығым – журналист. 2019 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін «Журналистика» мамандығына бойынша тәмамдадым. Сонда 4-курс оқып жүргенде дипломдық жұмысымды жазу үшін талай кітапханаға барып көрген едім. Оның ішінде О.Бөкей атындағы қалалық кітапхана өзім үшін өте жайлы, ыңғайлы болды. Себебі онда келушілер үшін барлық мүмкіндік жасалған екен. Дипломдық жұмысымды аяқтағанға дейін кітапхананы ғана емес, кітапханашы мамандығының да қыр-сырын біліп қалдым. Сөйтіп қызығушылығым артып, осында жұмысқа тұруды ұйғардым.

Негізінен мектеп кезінде де кітапқа жақын болдым. Қазақтың классик жазушыларының туындыларын оқығанды жақсы көретінмін. Оның ішінде сүйікті шығармаларым – Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі», Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпаны», Сәбит Мұқановтың «Ботакөзі», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары».

Иә, қазір кітапханаға жұмысқа келетін жастар аз. Себебі көбісі кітапхананы әлі де кітап беретін жер ретінде ғана елестетеді. Бірақ шындығына келгенде мұнда тіршілік қыж-қыж қайнап жатыр. Егер мұғалім немесе журналист мамандығын бітірсең, бұл саған үлкен өмірге қадам басар алдындағы тағылымы мол мектеп екеніне көзім анық жетті.

ШҚО
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

- Қазіргі замандағы кітапхана қандай болуы керек ?

- Кітапхана оқырман үшін түгел мүмкіндікті жасап беруі тиіс. Яғни, осында келген адам күйбең тіршіліктің таусылмайтын түйткілдерін бір сәтке ұмытып, таза білімге, ғылымға бет қоя алуы қажет. Ол үшін руханият ошағында қажетті кітаптар, басылымдар, заманауи технологиялар болуы керек. Мәселен, біздің кітапханада мультфильм жасайтын мультстудия, адамды цифрлы әлемге апаратын VR-көзілдірік бар, бірнеше тілді үйрететін тегін курстар, түрлі үйірмелер жұмыс істеп тұр. Оның бәрі тегін. Кейде «Біз мектепте оқып жүргенде осындай мүмкіндіктердің болмағанын қарашы» деп қынжыласың.

- О.Бөкей кітапханасының басқа кітапханалардан айырмашылығы мен артықшылықтары қандай ?

- Бұл сұраққа мен осы кітапхананың қызметкері емес, оқырман ретінде жауап бергім келеді. Кітапхана бүгінгі жастар тәуелді болған технологияларды олардың игілігі үшін пайдалануда. Балаларды ойнатып жүріп кітап оқуға баулуға, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеуге тырысуда. Кітапхана директоры Хабиба Мырзаханқызының «Әрбір оқырманды құдаларың келгендей қарсы алыңдар» дегені бар. Руханият ошағының басты ұстанымы осы.

- Бүгінгі жастар кітап оқи ма ?

- Көпке топырақ шашудан аулақпын. Кітап оқитын жастар бар. Жаңа кітаптарды тосып, өзін қызықтырған тақырыптағы туындыларды асыға қолға алатындарды талай байқап жүрміз. Оларды көріп қуанасың. Бірақ кітаптың бетін де ашпайтындар баршылық. Тілі жұтаң, өз ойын ашық жеткізе алмайтын балалардың көптігі осы кітап оқымағандықтың салдары деп ойлаймын.

- Жастарды кітап оқуға баулу үшін не істеуіміз керек ?

- Оларға көп кітап оқыған адамның қандай болатынын көрсетуіміз қажет. Кімнің тіл байлығы мол, әр сөзі орнына қағылған шегедей, озық ойлы жан болғысы келмейді дейсің? Бірақ сол үшін кітаппен дос болып, мол еңбектену керек.

- Кітапханашы күнінің маңыздылығы неде, бұл мерекені қалай атап өткен жөн деп ойлайсыз ?

- Бұл мерекенің маңызы зор. Кітапхана – рухани орталық, ал кітапханашы – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Жастарымыз алтын уақытын телефонға телміріп өткізбесе екен деп дамыл көрмей еңбектеніп жүрген бұл мамандық иелеріне лайықты құрмет көрсетілсе екен дейміз. Мемлекет тарапынан кітапхана ісіне көбірек көңіл бөлінсе деген тілегіміз бар. Бұл мерекеде тек кітапханашылар бір-бірін құттықтап отырмай, республикалық деңгейдегі шаралар өткізілсе нұр үстіне нұр болар еді. Осы салада талай жыл тер төккен жандар марапатталса жастарға да шабыт беріп, жұмысқа деген ынталарын арттырар еді.

 

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Соңғы жаңалықтар