Тілін қайшымен тілгілеген: жәбір көрдім деген бала оқиғаны ойдан құрастырғаны анықталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда екі сотқар бала жеті жасар жеткіншектің тілін қайшымен тілгілегені туралы ақпарат жалған болып шықты. Бала әкесінің назарын аударту үшін оқиғаны ойдан шығарған.

полиция
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жергілікті полиция қызметкерлері қозғалған қылмыстық іс шеңберінде аумақта кешенді іс-шаралар жүргізген. Көршілерді сұрастыру, оқиға орнын қарау және бейнебақылау камераларындағы жазбаларды талдау нәтижесінде кәмелетке толмаған баланың соққыға жығылғаны туралы деректер расталмады.

— Анықталғандай, жасөспірім аулада әткеншекте ойнап жүріп, қызығушылықпен ерні мен тілін металл бөлікке өзі тигізген. Аяздан тілі мен ерні қанап қалған. Ал бала қанды көрген соң қорыққан әрі әкесінің назарын аударту мақсатында «сотқарлар ұрды, қайшымен тілімді кескіледі» деген оқиғаны ойдан шығарған, — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.

Анасының қатысуымен баламен профилактикалық әңгіме жүргізілген. Заңды өкіліне мектеп психологының консультациясына жүгіну ұсынылған. Сондай-ақ, бала сауығып шыққан соң оның және заңды өкілінің әрекеттері Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралатын болады.

Полиция бұған қоса азаматтарды тек ресми және расталған ақпаратқа сенуге шақырды. Құқыққа қайшы әрекеттер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Облыстық балалар ауруханасының өкілдері балада бас сүйек-ми жарақаты қайдан пайда болғанын айта алмай отыр.

Бұған дейін, Павлодарда сотқарлар жеті жасар баланың тілін қайшымен тілгілегені туралы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар