ТМД аумағында бірлескен жедел-тергеу топтары құрылатын болады

Келісімге 2015 жылғы 16 қазанда Бурабай кентінде Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясының басшылары қол қойған. Құжатта негізінен ТМД аумағында бірлескен жедел-тергеу топтарын құру мен олардың жұмыс тәртібі қарастырылып отыр.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, бірлескен жедел-тергеу топтары трансұлттық қылмыстардың жолын кесу мақсатында құрылады, атап айтқанда, олар Орталық Азия елдері мен Қазақстан аумағы арқылы өтетін есірткі трафигінің жолын кесу үшін бірлескен және келісілген шараларды қамтитын болады.
Тұтастай алғанда, Келісім ТМД Конвенциясының құқықтық көмектер туралы 63-бабын қолдануды нақтылап, азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық қатынастарды реттеуге мүмкіндік береді.
«Біз қазір Кишенев конвенциясымен жұмыс жасап келеміз. Алайда, оны Ресей ратификацияламаған. Сондықтан да, Ресеймен жедел-тергеу топтарын құруға қатысты бірқатар проблемалар бар. Бұндай проблемалар Армения мен Әзербайжанға қатысты да орын алған болатын. Сондықтан да, бұл келісім ондай олқылықтардың орнын толтыруға бағытталады», - деді ІІМ. Оның айтуынша, заңның қабылдануы республикалық бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейды, теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға соқтырмайды. Жалпы келісім ТМД қатысушы мемлекеттерінің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық тиімділігін арттырады. Жедел-тергеу қызметін атқарудағы нақты шаралар Қазақстанның тергеу қызметтерінің де тиімділігін көтереді. Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.