ТМД елдерінің Үкімет басшылары бірқатар келісімдерге қол қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Минскіде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған қазақстандық делегация ТМД қатысушы мемлекеттерінің Үкімет басшылары Кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды primeminister.kz.
None
None

Отырыста Достастық елдерінің өзара іс-қимылын тереңдетуге бағытталған жиырмаға жуық маңызды экономикалық, гуманитарлық және ұйымдастыру мәселесі қаралды.

Нақты айтқанда, 2020 жылға дейін ТМД қатысушы мемлекеттердің инновациялық ынтымақтастығы мемлекетаралық бағдарламасы мен оны жүзеге асыру бойынша 2012-2014 жылдарға арналған Іс-шаралар кешенінің 2013 жылы орындалу барысы талданды.

Өз сөзінде Б.Сағынтаев атап өткендей, «экономика саласында негізгі міндеттер инновациялық ынтымақтастықты күшейту, сондай-ақ жалпы ауыл шаруашылығы нарығын дамыту және ТМД қатысушы елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады».

Ғылыми-техникалық ақпаратты мемлекетаралық алмасу саласындағы ынтымақтастық пен көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ТМД мемлекеттерінің ақпараттық өзара іс-қимылын регламенттейтін Келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ, радионавигация және гидрометеорология саласындағы өзара іс-қимылды дамыту бойынша шаралар белгіленіп, тауарлардың шыққан елін анықтау Ережелеріне өзгертулер енгізілді.

Бұдан өзге, гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. ТМД елдеріндегі ұлттық спорт түрлерін дамытуға, Достастық елдерінде малдың аусылмен ауыруының таралу қаупімен күреске бағытталған шаралар әзірленді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында кәмелетке толмағандардың өздерінің тұрақты өмір сүретін мемлекеттеріне қайтуына, табиғи және техникалық сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, қарулы күштерді топогеодезиялық және навигациялық қамтуға, сондай-ақ гуманитарлық минасыздандыру саласындағы ТМД мемлекеттері қарулы күштерінің инженерлік әскерлерінің ынтымақтастығына қатысты мәселелер талқыланды.

ТМД ҮБК келесі отырысы ағымдағы жылдың 21 қарашасында Ашхабадта өтеді.

Соңғы жаңалықтар