ТМД елдерінде еңбек мигранттарын медициналық сақтандырудың жаңа тәсілі әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – ТМД штаб-пәтерінде сарапшылар тобының қосымша отырысы өтті. Онда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер арасындағы еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелерін медициналық сақтандыру бойынша ынтымақтастық туралы келісім жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Kazinform БЕЛТА агенттігіне сілтеме жасап.
Отырысқа Беларусь, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, ТМД Атқару комитеті мен ТМД ПАА Хатшылығының өкілдері қатысты.
ТМД Атқару комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, сарапшылар келісім жобасына бірқатар мемлекеттен келіп түскен ескертулер мен ұсыныстарды қарап, өткен талқылауды ескере отырып, көпшілік дауыспен мақұлдады. Құжатты белгіленген тәртіппен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің қарауына енгізу туралы шешім қабылданды.
Құжат еңбек мигранттарын жұмысқа орналастыру кезеңінде келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарында еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелерін ерікті медициналық сақтандыру мәселелері бойынша тараптардың өзара іс-қимылының тәртібі мен негізгі бағыттарын айқындайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қатар еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау жөніндегі ынтымақтастықты растағанын жазғанбыз.