ТМД штаб-пәтерінде Грузияның халықаралық келісімшарттарға қатысуы туралы мәселе қаралады

МИНСК. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат - Минскіде Тәуелсіз мемлекеттер достастығының Атқарушы комитетінде наурыздың 12-13-і күндері сарапшылар тобының отырысы өтеді,
None
None
онда Грузияның халықаралық келісімшарттарға және Достастық органдарының шешімдеріне қатысуы туралы мәселе қаралады, деп хабарлады ҚазАқпаратқа Атқарушы комитеттің баспасөз қызметінен. Естеріңізге сала кетейік, 2008 жылы тамыздың 18-інде Грузияның Сыртқы істер министрлігі ТМД Атқару комитетіне елдің Достастықтан шығатыны туралы нота табыс еткен болатын. Достастық Жарғысының 9-шы бабына сәйкес кез-келген мемлекет осылай етуге құқылы. Достастықтан шығу туралы ниет 12 ай бұрын хабарланады және Достастыққа қатысу кезеңінде туындаған міндеттемелер, олар толық орындалғанша сақталады. Мәлімдеме жасалғаннан бір күннен кейін Грузия Достастық аясында қол қойған бірқатар келісімшарттарға қатысып қала беру ниетін жария етті. 2008 жылы қазанның 9-ында Бішкекте өткен кезекті мәжілісте Сыртқы істер министрлерінің кеңесі «Грузияның Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүшелігі туралы» мәселе қаралды. Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Атқарушы комитетке Достастық елдерімен бірлесе отырып, Грузия қатысу міндеттемесін қабылдаған халықаралық шарттар мен Достастықтың сәйкес органдарының шешімдерін түгендеп шығуды тапсырды. Атқарушы комитет Достастықтан шығу туралы мәлімдемесіне дейін Грузияның Достастық аясында күшіне енген 1 317 құжаттың 598-іне қол қойғанын анықтады. Анықталған бұл мәлімет Грузияның халықаралық келісімшарттарға және ТМД органдарының шешімдеріне әрі қарай қатысуы туралы ұсыныстарды қарау және ұсыну үшін Достастық елдеріне жолданып, бұл сауалға Армения, Беларус, Қазақстан, Ресей, Қырғызстн, Өзбекстан елдерінің сыртқы саясат ведомстволарынан жауаптар түсті. Ертең Минскіде басталатын сарапшылар мәжілісінде осы ұсыныстар қаралмақ.
Соңғы жаңалықтар