ТМҰ бейресми саммитінде қандай өзекті мәселелер талқыланады – сарапшы пікірі
АСТАНА. KAZINFORM – Будапеште Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммиті ұйымдастырылды. Осы орайда ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің жетекшісі Дәурен Әбен маңызды жиынға қатысты қысқаша болжамын айтып берді.

– Дәурен Әбенұлы, ТМҰ бейресми саммитінде қандай маңызды мәселелер талқылануы мүмкін?
– Әдетте, мемлекетаралық ұйымдарда негізгі шешімдер ресми іс-шараларда қабылданады. Түркі мемлекеттері ұйымы да бұл үрдістен тыс қалмайды. Болжам бойынша, көпжақты күн тәртібіндегі маңызды бастамалар осы жылдың қазан айында Әзербайжанда өтетін ТМҰ-ның 12-ші ресми саммитінде талқыланып, бекітіледі.
Ал Будапештегі бейресми саммиттің негізгі мақсаты – менің ойымша, өзара іс-қимылдың басым бағыттарын айқындап алу және ең өзекті өңірлік әрі жаһандық мәселелер жөнінде пікір алмасу.
Сонымен қатар, бұл кездесу тек символдық қана емес, стратегиялық мәнге де ие. Себебі бұл жолы саммит ТМҰ-ға мүше мемлекетте емес, бақылаушы ел аумағында өтеді. Бұл ТМҰ-ға түркі кеңістігінен тыс елдердің де қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді және ұйымның біртіндеп ашық әрі икемді өңірлік платформаға айналып келе жатқанын дәлелдейді. Саммиттің тақырыбы – «Шығыс пен Батыстың тоғысқан нүктесі» болуының өзі пікірталас кең ауқымда өтуі мүмкін екенін білдіретіндей.
Күн тәртібіндегі негізгі тақырып – экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, соның ішінде Түркі инвестициялық қоры жобалары портфелін кеңейту болуы мүмкін. Бұл қор – 2023 жылы құрылған, өткен жылы жұмысын бастады.
Сонымен қатар, бірлескен инфрақұрылымдық жобалар, әсіресе жаһандық логистикалық өзгерістер аясында маңызы артып келе жатқан Транскаспий халықаралық көлік бағдары мәселелері де талқыланады. Сауда кедергілерін азайту және кедендік рәсімдерді үйлестіру тақырыбы да назардан тыс қалмайды.
Меніңше, тараптар цифрлық трансформация, энергетикалық қауіпсіздік, климаттың өзгеруі және «жасыл» экономика мәселелерін де қозғайды. Сондай-ақ ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты үйлестіру, ортақ түркі гуманитарлық кеңістігін қалыптастыру мәселелері де күн тәртібінен түспейді.
Әрине, халықаралық күн тәртібі де назардан тыс қалмайды, әсіресе жаһандық қауіпсіздік архитектурасындағы өзгерістер және Украинадағы соғысты аяқтауға бағытталған келіссөздер процесі аясында бұл тақырып назардан тыс қалмауы тиіс. Ауғанстандағы жағдай бойынша және ТМҰ елдерінің бұл елмен қарым-қатынасын дамытуға қатысты ортақ ұстанымы туралы бірлескен мәлімдеме қабылдануы мүмкін.
Саммит қорытындысы бойынша ТМҰ-ның ортақ стратегиялық бағытын растайтын және ынтымақтастықты тереңдетуге саяси ерікті білдіретін Будапешт декларациясы қабылданады деп күтіліп отыр. Мұндай құжаттар заңдық міндеттемелерді қамтымайды, бірақ бейресми форматтағы кездесулердің алдағы шешімдерге бағыт беріп, жаңа келісімдердің бастамасы болатынын атап өту керек.

– Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатынын білеміз. Осыны ескерсек, ТМҰ-мен ынтымақтастықтың маңызы қандай?
– ТМҰ жұмысына белсенді қатысуымыз – біздің көпвекторлы сыртқы саясатымыздың конструктивті және проактивті деңгейде жүзеге асырылуының айқын көрінісі.
Қазақстанның ТМҰ-ға мүше болуы – бұл түркі әлемімен ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған саналы таңдау. Біз ТМҰ елдерімен тарихи-мәдени бірлікті, гуманитарлық құндылықтарды және өңір болашағына қатысты ұқсас көзқарасты бөлісеміз. Бұл – сыртқы саясаттағы басқа бағыттарға балама емес, оны толықтыратын маңызды вектор.
Көпвекторлылық дегеніміз – Қазақстан үшін жаһандық және өңірлік әріптестермен теңгерімді қарым-қатынас жүйесін қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда, ТМҰ бізге сыртқы саясаттың өңірлік өлшемін күшейтуге, рухани, мәдени және экономикалық тұрғыдан жақын елдермен байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
ТМҰ арқылы Қазақстан жаңа саяси диалог арналарына, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, инфрақұрылымдық және көлік-логистикалық бастамаларды үйлестіруге жол ашады, әсіресе «Транскаспий халықаралық көлік дәлізін» дамыту аясында бұл ұйымның маңызы зор. Сонымен қатар, ТМҰ аясында энергетика, технологиялық инновациялар, цифрландыру, білім алмасу және мәдени дипломатия салаларында да ынтымақтастығымыз артып келеді.
Бұл — Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін конфронтация арқылы емес, өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейту арқылы арттыратын прагматикалық тәсіл. Түркі елдерінің жақындасуы Орталық Азиядағы интеграциялық үдерістерге серпін береді және Еуразиялық экономикалық форматтағы әріптестікке қайшы келмейді. Шын мәнінде, ТМҰ – Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін көптеген халықаралық және өңірлік платформалардың бірі.
Айта кету керек, ТМҰ-ға қатысуымыз Ресей, Қытай, АҚШ және ЕО секілді елдермен стратегиялық әріптестігімізге қайшы келмейді, керісінше оны толықтырып, нығайтады. Бұл – біздің дипломатиямыздың мәні: ашықтық, прагматизм және әріптестерге құрметпен қарау. Мұндай ұстанымдар жаһандық айқынсыздық жағдайында біздің сыртқы саясатымызды тұрақты әрі ашық ете түседі.
– ТМҰ бейресми саммитінің Мажарстанда өткізілуі нені білдіреді? Бұл ел ұйымға толыққанды мүше бола ма?
– Бақылаушы мәртебесіне ие Мажарстанның саммит өтетін ел ретінде таңдалуы – символдық мәнге ие. Будапешт ЕО-ға мүше бола тұра, түркі әлемі мен Еуропа арасындағы алтын көпір рөлін атқаруға ұмтылатынын бірнеше мәрте білдірген. Виктор Орбан үкіметі 2010 жылдан бастап «Шығысқа есік ашу» стратегиясын жүзеге асырып келеді. Бұл бағыт – ЕО-ның шығысындағы Түркия, Әзербайжан, Қазақстан және басқа да елдермен қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған «венгрлік көпвекторлылық».
ЕО аясында Мажарстан шынымен де дербес ұстаным ұстанатынын танытып келеді. Премьер-министр Орбан көші-қон, санкциялық саясат, климаттық күн тәртібі мен Қытаймен қарым-қатынасы мәселелері бойынша Брюссельді сынға алып, «еуропаға сыни көзбен қарай алатынын» байқатып отыр. Бұл – ЕО ішіндегі шиеленістерге себеп болып отыр.
Дегенмен, Мажарстан ЕО-дан шығуды мақсат етіп отырған жоқ. Керісінше, оны ішкі реформалар арқылы ұлттық мүдделерге сай бейімдеуді көздейді. Бұл тұрғыдан алғанда, ТМҰ-мен ынтымақтастық Будапешт үшін әрі символдық, әрі прагматикалық мәнге ие.
Мажарстан ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының жобаларына қатысады, ТМҰ елдерінен келген студенттерге стипендия береді, одан бөлек сауда және энергетика саласындағы серіктестікті дамытып отыр. Алайда Мажарстанның ТМҰ-ға толыққанды мүше болу перспективалары әзірге нақты емес. Бақылаушы мәртебесі – ұйым жобаларына белсенді қатысуға мүмкіндік беретін ыңғайлы формат.

Сонымен қатар, мүшелікке өту ЕО-мен қарым-қатынасты қиындатуы мүмкін. Бұған 2024 жылы Шушада өткен ТМҰ бейресми саммитінен кейінгі ЕО өкілдерінің реакциясы дәлел – Жозеп Боррель Мажарстанға ЕО Кеңесінің мандаты берілмегенін ескерткен болатын.
Осы факторларды ескере отырып, Мажарстан ТМҰ-мен бақылаушы форматында икемді әрі прагматикалық ынтымақтастығын жалғастырады деп болжауға болады.