ТМҰ-ға мүше елдер логистикалық жобаларды бірлесе дамытатын альянс құрды

Түркі мемлекеттері ұйымы
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында логистикалық орталықтар мен жүк тасымалдаушылар альянсы құрылды.

Жаңа құрылымды жасақтау жөніндегі құжатқа бүгін Өзбекстанда қол қойылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Түркі мемлекеттері ұйымы
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Альянс Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасында жүк тасымалы мен логистикалық орталықтарды дамытуға жәрдемдесетін болады. Оны құру жөніндегі құжатқа қол қою рәсімі барысында альянстың бас хатшысы және хатшылық мүшелері тағайындалды.

«Көптеген халықаралық көлік-логистикалық құрылымдарға тән мәселе – ол тек мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықпен шектелу. Бұл жерде жобаларға жеке секторды тарту назардан тыс қалып жатады. Сондықтан осы мәселелерді ескере отырып, біз аталған альянсты құрып отырмыз. Ол логистика саласындағы ТМҰ-ға мүше елдердің мемлекеттік органдарымен қоса, жеке секторды да байланыстыратын көпір болмақ», - деп альянстың қызмет бағытын түсіндірді ТМҰ-ның жобалық директоры Шокиржон Рахматов.

Сарапшылардың пайымынша, альянсты құру Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы сауда-саттықты арттыруға ықпал етеді. Яғни, оның аясында кедендік баждың бағасын төмендету, жүргізушілерге берілетін рұқсат бланкаларын электрондық форматқа көшіру және цифрлық жүйелерді интеграциялауға баса назар аударылады.

Түркі мемлекеттері ұйымы
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Біз цифрландыру процесін жеделдету арқылы кеден бекеттеріндегі ұзын-сонар кептеліс мәселесін шеше аламыз. Сол үшін де алғашқы қадам жасап жатырмыз. Кедендік рәсімдерді оңтайландыру есебінен біз уақыт үнемдеп, пайданы екі еселеуге мүмкіндік аламыз. Соның нәтижесінде ТМҰ аясындағы сауда-саттық көлемі артады және оны жеткізу құны арзандайды», -деп тоқталды Көлік және логистиканы дамыту мәселелерін зерттеу орталығының директоры Бекзод Холматов.

Еске салсақ, бүгінде ТМҰ-ға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан мүше. Сонымен қатар Венгрия мен Түрікменстан ұйымға бақылаушы ел мәртебесінде.

Түркі мемлекеттері ұйымы
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар