ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары Бішкекте кездеседі
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстан астанасында 18 қыркүйекте Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкімет басшылары мен вице-президентінің отырысы өтеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Іс-шараға Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов, Министрлер кабинетінің төрағасы – Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев, Өзбекстан Республикасының премьер-министрі Абдулла Арипов, Әзербайжан Республикасының премьер-министрі Әли Асадов, Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев қатысады.
Кездесуде экономика, сауда, инвестиция, көлік, цифрландыру, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланады. Сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында Түркі мемлекеттері ұйымының тетіктерін жетілдіру мәселелері қарастырылады.
12 қыркүйекте Қырғызстан астанасындағы «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің мұсылмандар діни басқармалары басшылары кеңесінің VI отырысы өтті.