ТМҰ Қазақстанға экономиканы дамытып, шикізат базасы болып қалудан құтылуға жол ашады - сарапшы

Астанада 3 қарашада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) оныншы саммиті өтеді. ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты Талдау және болжамдау тобының басшысы Әмір Башбаев Kazinfrom агенттігінің сарапшысына Қазақстан үшін бұл ұйым қандай рөл ойнайтыны жөнінде айтып берді. .

Әмір Башбаев
Фото: жеке мұрағатынан

- Әмір Қарбозұлы, 3 қарашада Астанада ТМҰ оныншы мерейтойлық саммиті өтеді. Құрылғанына 14 жыл болған бұл ұйым Орталық Азия мен Қазақстан үшін қандай рөл ойнады?

- ТМҰ-ның Түркі кеңесінен Түркі мемлекеттері ұйымына дейін институционалдық қалыптасуы (2021 жылғы 12 қарашада Ыстанбұлда өткен Түркі тілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің саммитінде Түркі кеңесінің атауы Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып өзгертілді – ред.), одан кейін «Түркі әлемінің келешегі – 2040» сынды стратегиялық құжаттардың және оны іске асырудың жол карталарының қабылдануы – бұның бәрі Түркі мемлекеттері ұйымының қызметін әртараптандыруға күшті серпін берді.

Бұрын бұл ұйым өкілдері өзекті мәселелерді талқылайтын диалог алаңы ғана болатын. 14 жылда жинақталған синергия күшті серпін беріп, қазір ұйым қадам-қадаммен дамып келеді. Мерейтойлық оныншы саммит қарсаңында ТМҰ сауда-экономикалық ықпалдастыққа мүдделі мемлекеттердің одағына айналып отыр. Бүгінде ТМҰ қатысушы елдердің ішкі тауар айналымы $27 млрд жетіп жығылады. Бұл - қомақты сан. 2021 жылы бұл көрсеткіш $21 млрд көлемінде болатын.

Әлемде халықаралық қатынастар құбылып тұрған кезеңде сауда-экономикалық салаға екпін түсіру өзекті болып отыр. Осы орайда энергетикалық фактор маңызды рөл атқарады. Осы салада қуатты ықпалдастық қалыптасып келеді. Орталық Азия елдері - Қазақстан, Түрікменстан, Әзербайжанда ірі мұнай және газ қорлары бар, ал ұйымның жетекші елі Түркия Еуропа мен Таяу Шығыс аймағы үшін энергетикалық хабқа айналуды көздейді. Сондықтан ұйым аясындағы ынтымақтастық белсенді жүріп жатыр.

Сондай-ақ осы ықпалдастық шеңберінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) немесе Орта дәліздің мәні ерекше.

Одан бөлек, Қытай Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан арқылы жаңа балама бағыт салмақшы. Әзірше бұл жоба күйінде. Егер Оңтүстік Кавказда Нахчыван арқылы Түркияға тікелей шығуға болатын Зангезур дәлізі ашылса, ТМҰ барлық қатысушылары ортақ көлік дәлізіне қол жеткізе алады. Осылайша Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ, Оңтүстік Кавказ бен Түркия байланысады, ол жақтан Еуропаға тікелей шығуға мүмкіндік туады. Бұның бәрі ТМҰ елдерінің тауар айналымын еселеп арттыруға жол ашпақ.

- Қазақстан ТМҰ-да қандай рөл атқарады?

- Қазақстан ТМҰ аясында мәдени-гуманитарлық, білім беру сынды ынтымақтастықтың барлық салаларында дәстүрлі түрде белсенді рөл атқарады. Білім саласына келер болсақ, мұнда еліміздің рөлі айрықша – Түркі академиясында түркі елдеріне ортақ әліпби жасау жұмысы жалғасуда. Сонымен бірге ортақ тарих, география және әдебиет оқулықтары әзірленіп жатыр. Осының арқасында келешек ұрпақтарымыз «бір тілде» сөйлесе алады. Бұл түркі халықтарының жақындасуының маңызды факторы болмақ.

Қазақстанның ұйымдағы рөлі жайлы әңгімені жалғастыра берсек, 2023 жылғы ақпанда Түркияда болған жойқын зілзала түркі елдерінің ынтымағын іс жүзінде көрсететін сындарлы сәт болды. Қазақстан алғашқылардың бірі болып түрік халқына гуманитарлық көмек жіберді.

Алайда, жоғарыда атап өткенімдей қазір ынтымақтастық тек мәдени-гуманитарлық қатынастарға негізделмейді, сауда-экономикалық ықпалдастық тез қарқынмен дамып келеді. Бұған Қазақстанның қосып отырған үлесі де бар.

- Сіздің пікіріңізше, мерейтойлық саммитте қандай мәселелер талқылануы мүмкін?

- Біріншіден, мерейтойлық саммит болғандықтан қол жеткен нәтижелердің қорытындысы шығарылуы керек, сондай-ақ ұйымды бұдан әрі дамыту шаралары талқыланады. Мәселен, қазір «Түркі әлемінің келешегі – 2040» аясында жүк көліктерін шектеусіз жүргізу мәселесі қаралып жатыр.

Жуырда болған қасірет демекші (Түркияда болған жойқын жер сілкінісі – ред.), алдағы саммитте қаралуы тиіс құжаттардың бірі – ТМҰ аясында азаматтық қорғау тетігін құру. Оның ішінде төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық негіздемелерді қабылдау да бар. Соңғы жылдары, өкінішке қарай, климаттың өзгеруіне де байланысты ондай оқиғалар саны көбейіп келеді.

- Ұйымның болашағы қандай болады деп ойлайсыз?

- Қол қойылған құжаттарға қарасақ, 2040 жылға қарай ТМҰ экономикалық жағынан мықты әрі дамыған ұйымға айналуы тиіс. Ол кезеңге дейін тауар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалысы сынды ТМҰ қызметінің 4 басты қағидаты іске қосылуы үшін барлық нормативтік-құқықтық негіздемелер құрылып бітуі керек. Бұл, біріншіден, мүше елдердің экономикасын көтеруге мүмкіндік береді. Екіншіден, технологиялық қатынастар әлемінде шикізат базасы болып қалмауға жол ашады.

Тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Мажарстан қазір ТМҰ-да бақылаушы ел мәртебесіне ие. Осы елдің бүгінгі басшылығы «түркі әлемінің ажырамас бөлігіміз» деген ұстаным білдіріп жүр әрі мажар елін Түркі мемлекеттері ұйымы үшін «Еуропаға терезе» ретінде қарастыруға болады. Еуроодақ мүшесінің ТМҰ бақылаушы елі болуы - жақсы фактор. Орталық Азия елдері, Әзербайжан және Түркиямен бірлесіп, бақылаушы ел Мажарстанның көмегімен болашақта мүше елдердің экономикалық, қаржы, көлік, инвестициялық әлеуетін біріктіретін ТМҰ-ны өңірлік орталыққа айналдыру үшін жақсы синергияға жол ашып отыр.

- Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар