«Тобыл» - футболдан 2023 жылғы Қазақстан кубогының иегері

Попадет ли Казахстан на Евро-2024: мнения футбольных функционеров и тренеров
Фото: pixabay.com.

Бүгін елордада футболдан Қазақстан кубогының иегері анықталды, деп хабарлайды Kazinform.

Елордада өткен Қазақстан кубогы финалында Шымкенттің «Ордабасы» және Қостанайдың «Тобыл» командалары шеберлік байқасты.

Кездесу басынан екі команда бірден-ақ шабуылға көшті. Биыл чемпиондық атаққа қол жеткізген шымкенттік клуб кубокты алуды алдына меже етті.

Ал ел біріншілігінде сегізінші орынды місе тұтқан қостанайлық клуб алдағы жылы еурокубокта сынға түсу үшін кубокты жеңіп алуы қажет еді.

Бірінші кезеңде екі команда шабуылға көбірек шықты. Десе де таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде де командалар гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Ойынның 67-минутта Ислам Чесноков мергендік танытты.

Осылайша «Тобыл» қарсыласынан 1:0 есебімен жеңіп, Қазақстан кубогының иегері атанды.

Мұндай атаққа қостанайлық клуб соңғы рет 2006 жылы қол жеткізген еді.

Енді олар алдағы жылы Еуропа лигасында сынға түседі.

Ал «Ордабасы» Чемпиондар лигасында ел намысын қорғаса, «Астана» мен «Ақтөбе» Конференция лигасында бақ сынайды.

Айта кетсек, Қазақстан кубогы 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін «Қайрат» 9 мәрте кубокты төбесіне көтерді.

Ал «Жеңіс» (Астана) мен «Астана» - 3, «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ордабасы» (Шымкент) - 2, «Ертіс» (Павлодар), «Тараз», «Шахтер» (Қарағанды), «Восток» (Өскемен), «Ақтөбе», «Алматы», «Тобыл» (Қостанай), «Достық» (Алматы), «Елімай» (Семей) - 1 мәртеден кубок иегері атанды.

Соңғы жаңалықтар