«Тобыл» командасы футболдан Қазақстан Суперкубогының иегері атанды
АСТАНА. KAZINFORM - Қостанайлық «Тобыл» футболдан 2024 жылғы Қазақстан суперкубогының иегері атанды.
Финалда «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тобыл» (Қостанай) командалары кездесті.
Суперкубок ойындары биыл 19-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Ойын алғаш рет елімізден тыс жерде, Түркияның Анталия қаласындағы «Титаник Мардан» стадионында өткізілді.
Кездесу барысында командалар жылдам гол соғуға тырысты. Десе де бірінші кезеңнің соңына дейін қақпа құлпы ашылған жоқ. Ойынның 45-минутында «Ордабасы» футболшысы Евгений Макаренко мергендігімен көзге түсті.
Екінші кезеңде қостанайлық клуб таразы басын теңестіруге ұмтылды. Нәтижесінде 64-минутта Иван Миладинович көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Кездесудің негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталып, пенальтиден «Тобыл» жеңіске жетті.
Қазірге дейін аталған турнирдің финалда 10 команда бақ сынаған. Олардың арасында «Астана» 10 мәрте финалда бақ сынап, 5 рет (2011, 2015, 2018, 2019, 2020, 2023) Суперкубокты иеленді. Одан кейінгі кезекте Алматының «Қайраты» 5 мәрте финалда бақ сынап, соның екеуінде (2016, 2017) жеңімпаз атанды.
Ал, «Ақтөбе» 3 (2008, 2010, 2014), және «Тобыл» (2021, 2022) 2, «Елімай» (1995), «Ордабасы» (2012), «Шахтер» (2013) командалары бір-бірден жеңімпаз тұғырынан көрінді. Сондай-ақ «Атырау», «Восток» және «Қайсар» командалары суперкубокқа шыққанымен бірде-бір мәрте оған қол жеткізе алған жоқ.
Айта кетейік, бүгін футболдан 2024 жылғы Қазақстан суперкубогы өтетінін жазған болатынбыз.