«Тобыл» футбол клубы Конференция лигасының плей-офф сатысына шықты

Қазақстандық команда үшінші іріктеу сатысында Солтүстік Ирландияның «Дерри Сити» командасымен шеберлік байқасты.
Кездесу барысында екі команда шабуылға көбірек көңіл бөлді. Екеуінің де гол соғатын мүмкіндігі бар еді. Нәтижесінде «Дерри Сити» сапынан Уильям Петчинг 15-минутта қостанайлық клуб қақпасына белгіленген пенальтиден мүлт кеткен жоқ.
Осылайша қостанайлықтар 0:1 есебімен жеңілді.
Алғашқы кездесуде «Тобыл» аталған қарсыласынан 1:0 есебімен басым түскен еді.
Екі ойынның нәтижесімен есеп теңесіп, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда есеп өзгерген жоқ. Пенальти сериясында «Тобыл» жеңімпаз болды.
Енді олар плей-офф сатысында Чехияның «Виктория» Пльзень (Чехия) командасымен кездеседі.
Аталған ұжым үшінші іріктеу сатысында Мальтаның «Гзира Юнайтед» клубын (2:0, 4:0) қапы қалдырған болатын.
«Тобыл» Конференция лигасының алғашқы екі іріктеу сатысында Финляндияның «Хонка» (0:0, 2:1), Швейцарияның «Базель» (3:1, 1:2) клубтарын жеңді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Конференция лигасында «Ордабасы» және «Ақтөбе» жарыс жолынан шығып қалды.