«Тобыл» футболдан UEFA Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысына жолдама алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қостанайдың «Тобылы» футболдан UEFA Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тобыл» футболдан UEFA Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысына жолдама алды

Бүгін қостанайлық клуб сырт алаңда Гибралтардың «Линкольн Ред Импс» командасымен қарымта ойын өткізді.

Ойын барысында 31-минутта «Тобыл» сапынан Зоран Тошич мергендік танытты. Осылайша ол өз командасына жеңіс сыйлады.

«Тобыл» қарсыласын 1:0 есебімен сүріндіріп, жарыстың келесі сатысына жолдама алды.

Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде қостанайлық клуб 2:0 есебімен басым түскен болатын.

Айта кетсек, аталған жұптың жеңімпазы үшінші іріктеу сатысында «Тирана» (Албания) және «Зриньски» (Босния и Герцеговина) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Ойындар 4 және 11 тамыз күндері өткізіледі.

Сондай-ақ, екінші іріктеу сатысында қазақстандық «Астана» Польшаның «Ракув» командасынан 0:5, «Қайрат» Венгрияның «Кашвердасынан» 0:1, «Қызылжар» Хорватияның «Осиегінен» 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

Аталған командалар қарымта кездесуді 28 шілде күні өткізеді.