«Тобыл-Торғай мұрасы» жобасы іске қосылды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Тобыл-Торғай мұрасы» жобасы жүзеге асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған жобаның жоспары туралы «Қостанай облысы азаматтық альянсы» ұйымдастырған жиында айтылды. Негізгі мақсат - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттап, Қостанай облысының тарихи-мәдени мұрасын сақтау.
«11-18 қараша аралығында «Ұлы дала қазынасы» атты пресс-тур өткізіледі. Құрамында журналистер мен қоғам белсенділері, еріктілер бар топ Қостанай облысының 30-ға жуық қасиетті жеріне саяхат жасайды. Барлығы 20-дан астам ауданға бару көзделген. Мұның сыртында «Туған өлкем - Қостанай!» сайты арқылы облыстың маңызды тарихи орындары туралы дерек алуға болады», - деді балалар және жастар ұйымдарының төрайымы Татьяна Антонинова.
Сонымен қатар, тарихшылар мен педагогтар «ЖОО-дағы саяси сағат», «Ата-аналар жиналысы» акцияларын өткізбек. Бұл шаралар арқылы оқушылар мен студенттерді туған өлкеміздің бай мұрасын бірлесе зерттеуге шақырамыз дейді ұйымдастырушылар.