Тобылда иттің 3 жасар қызды жарақаттауына қатысты тергеу басталды
«ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы «Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ит иесі анықталды», - делінген Қостанай облысы Полиция департаментінің мәліметінде.
Еске салайық, оқиға 6 мамыр күні Тобыл қаласында болған еді. Питбуль 3 жасар қыздың бетін талап тастаған.
Қостанай облыстық балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Игорь Белобржицкийдің айтуынша, бала ауыр халде түскен.
«Қыз ауыр халде жеткізілді. Қатты шошынған. Ерні, беті жыртылған. Шұғыл операция жасалды. Ерні мен беті тігілді. Бала бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатты. Қазіргі жағдайы бірқалыпты. Бала белсенді, жүгіріп жүр, тамақтанады. Тігістерді қадағап отырмыз. Қабыну жоқ. Әдетте ит талағаннан кейін мұндай жаралар іріңдейді, әсіресе бет, бұл өте қауіпті. Инфекция миға түседі. Бұл жолы қызда бәрі жақсы. Температура жоқ. Бірнеше күннен кейін тігістерді аламыз. Ауруханадан шығатын да болар», - деген болатын И.Белобржицкий.