Тоғыз қазақстандық университет әлемнің ең үздік ЖОО-лары қатарына кірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 9 университеті әлемдегі ең үздік Жоғары оқу орындарының қатарына енді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев айтты.

Тоғыз қазақстандық университет әлемнің ең үздік ЖОО-лары қатарына кірді

«Бүгінде QS рейтингісі бойынша біздің бір жоғары оқу орнымыз ТОР-300 тізіміне кіреді. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Ал ТОР-400-ге Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті енеді», - деді Тахир Балықбаев.

Оның айтуынша, тағы 7 қазақстандық университет ТОР-800-ге тұрақтап отыр.

Вице-министрдің айтуынша, 2010 жылы Болон процесіне қол қойылып, Қазақстанда бірқатар ұстанымдар енгізілген болатын.

«Осындай ұстанымдардың бірі сапамен қамтамасыз етудің жаңа жүйесі болып табылады. Кейбір университеттердің аккредитациялаудан өтпей қалатын жағдайы белгілі тенденция. Біз осындай жүйені енгіземіз. Осы жүйе бойынша Қазақстан бойынша қазір екі аккредиттеу агенттігі қызмет етіп жатыр. Олармен қатар тағы 8 агенттік біздің ЖОО-ларға аккредитациялаудан өтуге мүмкіндік береді» - деп атап өтті Т. Балықбаев.