08:27, 25 Маусым 2016 | GMT +5
Тоғызқұмалақтан командалық ел біріншілігінде БҚО құрамасы чемпион атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласында 20 жасқа дейінгі жастар арасында тоғызқұмалақтан командалық ел чемпионатында БҚО құрамасы табысты өнер көрсетті.

БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімовтің хабарлағанындай, аталмыш жарысқа 11 облыс пен Алматы және Астана қалалары атынан барлығы 90 спортшы қатысты. БҚО намысын Жарасхан Сағынбаев, Әсет Қайыржанов, Бауыржан Ахметқалиев, Аида Карина, Ализа Ерниязова және Шынар Мұратова қорғады. Батысқазақстандық тоғызқұмалақшылар 13 команданың арасынан суырылып шығып, ең жоғары ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Астаналықтар екінші, қостанайлықтар үшінші орынды иеленді.
Чемпионаттың жеңімпаз-жүлдегерлеріне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің кубок-медальдары мен дипломдары табыс етілді.