Тоғызыншы қабаттан секіріп кеткен қыз бен жігіттің беті бері қарады - Павлодар

Дегенмен ақ желеңділердің пайымдауынша, жастар жүріп кете алады, деп хабарлайды pavlodarnews.kzі. Бұл туралы агенттікке берген сұхбатында № 1 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ермек Күшіков мәлім етті. - Жастардың жағдайы бірқалыпты. Жігіттің жамбасы мен қабырғалары сынған. Демалыс күндері оған ота жасап, жарақат бөліміне ауыстырылды. Омыртқасы зақымданып, қабырғасы сынған бойжеткен әзірге жансақтау бөлімінде. Оған да ота жасалғаннан кейін ауруханада он күн жатады. Бұдан кейін денсаулығына байланысты үйде ем қабылдау үшін ауруханадан шығаруға болады. Екеуіне де қатысты жорамал жаман емес. Ауруханада болатын уақыт бірнеше факторға байланысты. Жастар толығымен тірек қызметін қалыпқа келтіргеннен кейін оңалтудан өтулері керек. Нақтырақ айтсақ, қайтадан жүріп үйренуге тура келеді, - дейді Е. Күшіков.
Еске сала кетейік, 26 жастағы жігіт пен 20 жастағы бойжеткен 12-ақпан күні Жаяу Мұса көшесіндегі үйдің тоғызыншы қабатынан секіріп кеткен. Абырой болғанда, олар дүкеннің шатырына құлап, аман қалған. Е. Күшіковтің айтуынша, зардап шеккендер неліктен мұндай әрекетке барғандарын айтпайды. Қазіргі таңда олармен психолог жұмыс істейді. Алдын ала болжам бойынша жастар секіріп кетпес бұрын спирттік ішімдік ішкен. Науқастардың қан құрамында психотропты және есірткі заттарының болғанын анықтайтын сараптама қорытындысы әзірге дайын емес. Дегенмен полицейлер өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеуі мүмкін деген болжам бойынша істі тергеуде. Павлодар облысының ІІД жігіт қызды итеріп жіберіп, артынан өзі секіріп кетті деген болжамды жоққа шығарды.