Тоғжанов: Бұл - жалпыұлттық тұтастығымызды айшықтай түсетін бүкілхалықтық тарихи күн
Бүгін Ақтөбеде Республика күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңір тұрғындарын Республика күнімен құттықтады.
«Мемлекетіміз дамудың жаңа сатысына көтеріліп, әлемдік қауымдастықта лайықты орынды иеленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі саяси жүйені жаңғырту бағытындағы реформалары мемлекет пен қоғамның байланысын жаңа деңгейге көтерді. Ең алғашқы қадам - Конституциялық референдум өткізіліп, Ата заңға толықтырулар енгізілді. Елдің бірлігі мен бітімгерлігі талқыға түсетін тарихи бастама Ұлттық құрылтайда мемлекетіміздің дамуының жаңа бағыттары айқындалды. Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бөлінісінде жаңа 3 облыс құрылды. Ұлттық құрылтайда қабылданған ең маңызды шешім 25 қазан - Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. Мемлекет басшысы егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуді ұсынды. Республика күнін мерекелеу жалпыұлттық тұтастығымызды, қалыптасқан мемлекеттілігімізді айшықтай түсетін бүкілхалықтық тарихи күн»,- деді Ералы Тоғжанов.

Аймақ басшысы облыстың дамуы жолында жасалып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс жоспарларымен бөлісті.
Салтанатты шара аясында бірқатар ақтөбелікке өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халық арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қоғамдық қызметте белсенділік танытып, үлес қосқаны үшін ел Президентінің Жарлығымен мемлекеттік наградалар табысталды.
«Парасат» ордені археолог, тарих ғылымдарының докторы Серік Әжіғалиға және философия ғылымдарының докторы, еңбек ардагері Алтай Тайжановқа табыс естілді.
«Құрмет» орденімен наградталғандардың қатарында Байғанин аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қожағали Аққожа, Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Қасымбек Алдияров, еңбек ардагері Көшкінбай Ахметов, дене мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының жаттықтырушысы Сергей Ведюшкин, облыстық соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев бар.
ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегерлері Ақтөбе хром қосындылары зауытының шебері Раиль Ильясов, «Ұлы қабырға «ҚҚБК» ЖШС шебері Мереке Қадыралиев, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты цехының бастығы Сәбит Қайрақбаев, «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Нұрғазы Қасымов атанды.
Еңбегімен ерекшеленген бірқатар ақтөбелік «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» және «Жомарт жүрек» медальдарымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Үш ақтөбелік Астанада өткен салтанатты шараға арнайы шақырылды. «Алтын-Әсел» ЖШС директоры Хамит Өтеуұлы «Отан» орденін, «Екі Езу» сатира театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Жанна Дүйсенбина «Шапағат» медалін иеленді.





