11:19, 24 Тамыз 2023 | GMT +5
Ток соққан ақмолалық тұрғын ауруханаға түсті: Іс қозғалды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының тұрғынын өндіріс орнында ток соқты. Ер адам «қол-аяғының электрлік күйігі» диагнозымен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға Степногор қаласында болды. Бұл туралы жергілікті Полиция басқармасына қалалық аурухананың қабылдау бөлімінен хабарлап айтқан.
«Анықталғандай, ер адам қаладағы кәсіпорындардың бірінде электрик болып жұмыс істеген. Өндіріс орнында трансформаторды жөндеу кезінде ток соққан. Осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 156-бабы 1-бөлігі бойынша («Еңбекті қорғау заңнамасының бұзылуы») сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалып, мемлекеттік еңбек инспекторы тексеріп жатыр», - деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында ер адам токқа түсіп, мерт болғанын жазған едік.