Тоқаев: Алдымызда тұрған шұғыл міндет — 500-ге жуық ауылға су беру жұмысы
АСТАНА. KAZINFORM — Ақордада су шаруашылығы қызметкерлерін құттықтап, мемлекеттік наградалармен марапаттаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы міндеттерге тоқталып өтті.

— Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету айрықша маңызды міндет. Соғы жылдары осы бағытта нақты шаралар қабылданды. Қала халқының және ауыл тұрғындарының көпшілігі таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Енді алдымызда тұрған шұғыл міндет — 500-ге жуық ауылға су беру жұмысы. Әсіресе, ауыз суды тазалау мәселесін шешу қажет. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп тегін айтпаған. Әр тамшы судың қадірін білген. Суды тиімді пайдалану өте өзекті мәселе. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінде судың қасиеті, құдықшының еңбегі туралы терең ойлар айтылған, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде суды үнемдеу тарифі іске қосылғанын айтты.
— Аз пайдалансаң аз төлейсің деген қағида енгізілді. Сонымен қатар мемлекет су үнемдеу технологиясын қолданатын шаруаларға белсенді көмек көрсетуде. Атап айтқанда, жұмсаған қаржысының 80 пайызына дейін өтейтін болды. Бүгінде 470 мың гектар жерде осындай озық технология іске қосылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Себебі су үнемдеу — бұл алдымызда тұрған аса маңызды стратегиялық міндет. Бұл мәселеге қатысты цифрландыру жұмысын жүргізу өте өзекті. Оны қарқынды түрде жүзеге асыру керек. Шындығын айтсақ, қазіргі жағдай жалпы мәз емес. «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық акциясы аясында суды үнемдеу мәдениеті жан-жақты дәріптеліп жатыр. Еліміздегі 2 млн астам оқушы «Суды үнемде, болашақта сақта!» атты ауқымды жобаға қатысты. Өскелең ұрпақ судың құндылығын білу керек. Оны ысырап етпеу туралы жастайынан біліп өсуі қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басында Қазақстан үшін су — ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін атап өткен болатын.