Тоқаев Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумын жыл сайын өткізуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға атсалысатын кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтар мемлекеттің көмегіне жүгіне алады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлауға үлкен көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Оның төртеуі агроном, мелиоратор, биотехнолог және эколог сияқты ауыл шаруашылығы саласында сұранысқа ие мамандарды халықаралық бағдарламалар бойынша даярлайды. Жалпы, мемлекет пен бизнес ауылдағы барлық мәселені бірлесіп шешуі керек. Агроөнеркәсіппен айналысу үшін ауылға келген жас кәсіпкерлерді бағалаймын. Мемлекет те сіздердің еңбектеріңізді ұмыт қалдырмайды», - деді Қасым-Жомар Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жолдауында Үкімет пен барлық мемлекеттік органдар отандық бизнеске, шетелдік инвесторларға жол ашуы керек екенін тапсырған еске салды.
«Ауыл тұрғындарына қол ұшын созып, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға атсалысатын кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтар мемлекеттің көмегіне жүгіне алады. Олардың инвестициялық жобаларына қолдау көрсетіп, бюрократиялық кедергі келтірмеу керек. Бір сөзбен айтқанда, шаруалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет. Үкімет пен әкімдер жерді табыс көзіне айналдырып, ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атүсті қарайтындарға тосқауыл қоюға тиіс. Жауапкершілігі мол кәсіпкерлер мен инвесторлар ғана елдегі оң өзгерістердің нағыз көшбасшысы бола алады. Сіздер ынтымақ-бірлік пен нағыз патриотизмнің озық үлгісін көрсетіп, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарта бересіздер деп сенемін. Мемлекет сіздерге жан-жақты қолдау көрсетіп, лайықты бағалайды. Мемлекет пен агробизнес арасындағы байланысты жақсарту үшін бүгінгі Форумды жыл сайын өткізуді ұсынамын», - деді Президент.