Тоқаев Бейжің-Мәскеу-Вашингтон үштағанында тең қатынас орнатқан көшбасшы - саясаттанушы
АСТАНА. KAZINFORM – Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапарына орай пікірін білдірді.
- Қазақстан Президентінің сыртқы саяси мұндай белсенділігі біріншіден, белгілі бір нәрсені айғақтайды, екіншіден, белгілі бір бағытқа жетелейді. Бұл нені білдіреді? Бұл – Қазақстанның соңғы қатардағы мемлекет еместігін, шын мәнінде халықаралық аренада дербес субъект әрі нақты ойыншы ретінде қабылданатынын көрсетеді. Бұл орта державалар туралы әңгіме хақында. Көшбасшылары мұндай белсенділік танытпайтын шағын елдердің де бар екендігі түсінікті. Дегенмен, біздің қатарда Финляндия президенті Стубты, Мажарстанды және жоғары деңгейде қабылданатын өзге де бірнеше елді атап өтуге болады. Бұл қалай дегенде де біздің субъектілігімізді, тәуелсіздігіміз бен сыртқы саясаттағы белсенді ойыншы ретіндегі қабілетімізді дәлелдейді. Бірақ, қазіргі таңда Қазақстан бірегей ел екенін, оның көшбасшысы Бейжің-Мәскеу-Вашингтон үштағанында теңдей жақсы қатынас орнатқан көшбасысы бар екенін мойындау қажет, - деді ол.
Саясаттанушының атап өтуінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастың қаншалықты тығыз екенін көріп отырмыз. XXI ғасырда, әсіресе АҚШ-тың сауда қысымы жағдайында Қытайдың рөлі артып келе жатқан шақта, барлығы дәл осы елдің экономикалық саясатына тәуелді болуда. Ал Қазақстанның Қытаймен ерекше қарым-қатынасы, Қытай басшысының Қазақстанға қатысты жылы лебіздері, Қытайдың Қазақстанның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне кепіл болатыны – бәрі де жоғары бағаға лайық. Әлемде Қытайдың пейілі мұндай түскен елдер қатары көп емес.
- Президент Тоқаевтың делегация құрамында болуы, тіпті Орталық Азия елдері басшылары делегациясының көшбасшысы рөлін атқарғаны көп жайтты аңғартады. Бұл прагматикалық америкалық саясат үшін Қазақстанның маңызды екенін, оны аймақтық маңызды ойыншы ретінде танитынын көрсетеді. Өйткені Қазақстан аумағы шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті байланыстыратын көпір іспетті. Қазір дәл осы аймақта үлкен геосаяси ойын жүруі ықтимал, - деді саясаттанушы.
Осы орайда ол кейбір халықаралық сарапшы Тоқаевтың «Путин әлемнің көптеген елінде беделге ие» деген сөзін сынмен қабылдағанына назар аудартады. Бірақ, Путиннің әлемге танымал тұлға екенін ешкім жоққа шығара алмайтынын, Батыс Еуропа мен АҚШ көзқарасы бір бөлек, ал Қытайда, Таяу Шығыста және дамушы елдерде оған деген қатынас мүлде басқа әңгіме екенін атап өтеді.
- Сондықтан меніңше, Қазақстан әлемде орын алып жатқан жайттарға қатысты байыпты, дәл әрі барынша оңтайлы баға беріп отыр. Бұл өте дұрыс. Өйткені, біз неғұрлым белсенді, ақылды ойыншы болсақ, соғұрлым достарымыз көп болса, халықаралық саясаттың ажырамас бөлігі ретінде бізді қабылдайтын адамдар мол болса, еліміздің тарихи тағдыры үшін пайдалы болмақ, - деді саясаттанушы.
Ғазиз Әбішев осыдан 10 жыл бұрын Қытай Қазақстанға 50 өндіріс ошағын көшіруді ұсынғанда түсінбеушілік болғанын еске алады. 10 жылдың ішінде Қытайдың қандай жетістіктерге жеткенін атап өтеді. Егер сол кезде бұл бастамаға қолдау көрсеткенде қазір экономикалық тұрғыда басқа деңгейге көтерілуіміз мүмкін екеніне назар аудартады.
- Дегенмен, Қытай өндірісімізге инвестиция салып жатыр. Ресей мыңдаған бірлескен кәсіпорын құрып, кәсіпорындар ашуға көмектесіп жатыр. Әрине, өз мүддесіне екені сөзсіз. Бірақ бұл – өзара тиімді мүдде. Ал АҚШ-тан жоғары технологияларды аламыз. Қазіргі қатынастың жаңа кезеңі аясында америкалықтарды негізінен шикізат қызықтырғанымен, Қазақстан үкіметінің міндеті – технология трансферін қамтамасыз ету екеніне үміттенемін. Осы бағытта алға жылжимыз деп сенемін, - деді Ғазиз Әбішев.