Тоқаев: Былтырғы тасқыннан билік тиісті қорытынды жасады деп ақпарат алдым

БУРАБАЙ. KAZINFORM – Өңірлерді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

БҚО-да көктемгі су тасқынына дайындық барысында бірқатар мәселе шешілмей отыр
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

- AMANAT партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынып отыр. Үкіметке депутаттармен бірге бұл ұсынысты мұқият қарастыруды тапсырамын. Әдетте шекара маңындағы аудандар арқылы маңызды көлік-логистика дәліздері өтеді. Биыл автокөліктерге арналған 9 кеден бекетін жаңғырту жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде, мұндай бекеттердің өткізу мүмкіндігі 6 есе артады. Бұл жоба еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтуға едәуір үлес қосады, - деді Мемлекет басшысы.

Президент аймақтардың дамуындағы алшақтықты жою үшін нақты стандарттарға сүйене отырып экологиялық көрсеткіштер, инфрақұрылым, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да маңызды өлшемдер бойынша артта қалған өңірлерді анықтау қажеттігін баса айтты.

- Орталықтың күш-жігерін осындай алшақтықты жоюға жұмылдыру керек. Сол үшін қазір Өңірлерді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Құжатта аймақтар арасындағы теңсіздікті жоюға және мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған тың тәсілдер қарастырылады. Өңірлердің іс-қимылы нақты салаға жауапты мемлекеттік органдардың республикалық деңгейде атқарып жатқан жұмыстарына сәйкес жүргізілуі қажет. Іс-шаралар үйлесімді болуға тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл барлық салаға қатысты мәселе екендігіне айрықша назар аудартты.

- Мысалы, солтүстікке көктем енді келіп жатыр. Қар еріп, елді мекендерді қарғын су басу қаупі туындайды. Былтырғы тасқыннан орталық та, жергілікті билік те тиісті қорытынды жасады деп ақпарат алып отырмын. Жаз шыққан соң өрт қаупі күшейеді. Табиғат апаттарының алдын алу, сақтану шаралары үнемі назарда болуы керек, - деді Президент.

Айта кетейік, Президент киік санын реттеу мәселесін қайта зерделеуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар