Тоқаев: БРИКС жаһандық тартылыс орталығына айналды
ҚАЗАН. KAZINFORM – БРИКС жаһандық тартылыс орталығына айналды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС-тің XVI саммиті пленарлық отырысының «БРИКС+»/«аутрич» форматындағы жиынында айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 22-24 қазан күндері Қазанда БРИКС-ке мүше елдердің саммиті өтіп жатыр. Іс-шараға бірқатар мемлекеттің басшылары келген. Олардың арасындаҮндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Матамела Сирил Рамафоса, Эфиопия Премьер-Министрі Абий Ахмед, Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси, Қытай төрағасы Си Цзиньпин, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған бар.
23 қазанда «Қазан ЭКСПО» алаңында БРИКС саммитінің кеңейтілген құрамдағы отырысы, саммитке қатысушылардың шағын құрамдағы кездесуі өтті. Кездесуде Ресей Президенті Владимир Путин БРИКС-тың серіктес елдерінің тізімін құруды және оны қорытынды декларацияға енгізуді ұсынды. Сонымен қатар ол 30-дан астам мемлекеттің БРИКС құрамына кіруге қызығушылық танытқанын атап өтті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен БРИКС-ке мүше мемлекеттер басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына жұмыс сапарымен барған болатын.
Мемлекет басшысы БРИКС саммитіне қатысушылармен бірқатар кездесу өткізді.
ҚР Президенті және өзге БРИКС+ саммитіне қатысушылар бірге суретке түсті.