Тоқаев БҰҰ-ны реформалауға қатысты пайымымен бөлісті
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Al Jazeera телеарнасына берген эксклюзив сұхбатында Біріккен Ұлттар ұйымын реформалауға қатысты пайымымен бөлісті.

Al Jazeera: БҰҰ-да нақты ненің өзгергенін қалайсыз? БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне немесе вето құқығын пайдалану тетігіне қатысты не айтасыз?
– Ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесін кеңейту қажет. Дамушы мемлекеттер, мүмкін ротация негізінде, Біріккен Ұлттар Ұйымының осынау негізгі органына мүше болуы керек. Дегенмен Жапония, Германия сынды ірі державалар, сонымен қатар Азия мен Африкадан шыққан өзге де елдер Қауіпсіздік Кеңесіне кіруі тиіс немесе қандай да бір жолмен оның жұмысына араласуы қажет. Бұл проблеманың әділ шешімі болар еді.
Сіз қазір ғана кейбір ірі мемлекеттердің немесе державалардың оқшаулануын еске салған едіңіз. Иә, мұндай жайт орын алып жатыр. Біз бұған алаңдаушылықпен қараймыз.
Al Jazeera: Көптеген ел ондаған жылдар бойы Сіз айтып отырғандай БҰҰ-ның басты институттарын реформалауға үндеп келеді. Қазақстан өзге елдердің қолынан келмеген істі қалай жүзеге асыра алады? Қазақстанның негізгі тауарларға қолжетімділігі, аса маңызды шикізаттарды тасымалдауы еліңізге басымдық бере ме? Қалай ойлайсыз?
– Иә, қандай да бір деңгейге дейін біз ықпал ету тетіктерін пайдаланатын боламыз. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына қатысты біздің қызметімізде қолдануға болатын сирек кездесетін металдардың және басқа да табиғи ресурстардың қомақты қорына ие ел. Бірақ біз БҰҰ-ны реформалауға қатысты әңгімеде асыра сілтемейміз әрі шамамызды артық бағаламаймыз.
БҰҰ-ны барынша әділ, қазіргі заманның талаптарына мүмкіндігінше жауап беретіндей жасау үшін ең бірінші кезекте барлық мемлекет, өзіңіз айтқандай орта державалар күш-жігер біріктіруі тиіс деп санаймыз.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент мұнай тасымалдаудың балама бағыттарына қатысты сауалға жауап берген болатын.