Тоқаев CMA CGM компаниясының президентін қабылдады

 CMA CGM компаниясының президенті
Фото: Ақорда

ПАРИЖ. KAZINFORM - Мемлекет басшысы CMA CGM компаниясының президенті Родольф Саадты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Президент кездесуде Қазақстанның көлік-логистика кешенін дамытуға ерекше назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды орналасуы Шығыс – Батыс, Оңтүстік – Солтүстік көлік бағыттарын дамытуда негізгі рөл атқаратынына тоқталды. Жүк тасымалының көлемін арттыру мақсатында әлемнің ірі компанияларымен бірге инвестиция тарту жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы өңірлік штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан CMA CGM компаниясымен ұзақмерзімді серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында өзара іс-қимыл жасау, Ақтау теңіз портының логистикалық инфрақұрылымына инвестиция тарту, сондай-ақ Каспий теңізіндегі айлақтарға арналған жүк кемелерін құрастыру мәселелеріне баса мән берілді.

CMA CGM (Compagnie Maritime d’Affrètement – Compagnie Générale Maritime) 1978 жылы Францияда негізі қаланған жүк кемелерін құрастыратын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. Кәсіпорынның 160 елді қамтитын жаһандық желісі бар. Оның құрамында 400-ге жуық кеңсе мен 600-ден астам контейнер тасымалдайтын кеме жұмыс істейді. Былтыр компанияның сауда-саттық көлемі 47 миллиард долларды құрады.

Айта кетейік, бұған дейін Президенттің Франция Республикасына мемлекеттік сапармен барғанын жазғанбыз.

Сонымен қатар, Kazinform тілшісі Қазақстан мен Франция қарым-қатынасының нығаюын жан-жақты қамтып көрді.

Елисей сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Қазақстан мен Франция Президенттері Бірлескен декларация қабылдады.

Соңғы жаңалықтар
telegram