Тоқаев Қазақстанның Қарулы күштерін АрМи-2019 ойындардағы жетістігімен құттықтады
«Халықаралық әскери ойындарда жақсы өнер көрсеткені үшін Қазақстанның Қарулы күштерін құттықтаймын. Сіздер жоғары кәсіби дайындық пен жауынгерлік шеберліктеріңізді көрсетіп, 39 команданың арасынан 3-ші орынға ие болдыңыздар. Игілікті істеріңізде жаңа жетістіктерге жете беріңіздер!», деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.
Биыл Халықаралық армия ойындары 10 елдің 21 полигонында, Каспий, Балтық теңіздерінің акваториясында және Парсы бұғазында өтті. Ойындарға 39 мемлекет қатысты. Ойынның бағдарламасына 32 сайыс енгізілген. Оның 16-сында қазақстандық әскери қызметшілер бақ сынады.
7-15 тамыз аралығында Жамбыл облысының «Отар» 40-шы әскери базасында бірқатар сайыс тұрі бойынша Армия халықаралық ойындары өз мәресіне жетті. Әлемнің 13 елі қатысқан додада Қазақстан жеңімпаз атанды.
Бүгін Ресейдің Мәскеу облысында «Алабино» полигоны аумағындағы «Патриот» саябағында V Халықаралық армия ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Онда жалпыкомандалық есеп бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Жарыс қорытындысымен Қазақстанның Қарулы күштері үшінші орынға тұрақтады.