Тоқаев: Қытаймен энергетикалық келісім бекітуге дайындаламыз
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайындағы «Орталық Азия-Қытай» саммитінде Қазақстан Қытаймен энергетика саласындағы тұрақты ынтымақтастықты дамытуға арналған келісімге қол қоятынын мәлім етті.

- Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті өте зор. Біз озық технологиялармен алмасуды жандандыру және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына үміт артамыз. Сондай-ақ өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, энергетика көздерін технологиялық тұрғыдан дамытып, әртараптандыруға назар аударған жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастық жаңартылатын энергия көздері бойынша да келешегінен үміт күттіретін жобаларды қамтитынын атап өтті.
- Қытай Халық Республикасының атом энергетикасын дамытудағы табысты, мол тәжірибесін ескерсек, біз осы стратегиялық саладағы тұрақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Ең жақын арада келісімге қол қоюға дайындаламыз. Сондай-ақ жасыл кластер құру, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бағыттарында перспективалы жобалар бар, - Мемлекет басшысы.
Астанада «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті өтіп жатыр.
Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.