Тоқаев Мьянма Президентінің міндетін атқарушы Мин Аун Хлайнмен келіссөз жүргізді

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мьянма Президентінің міндетін атқарушы Мин Аун Хлайнмен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Тоқаев Мьянма Президентінің міндетін атқарушы Мин Аун Хлайнмен келіссөз жүргізді
Фото: Ақорда

Мьянма өзіндік мәдениеті, бірегей дәстүрі бар және геостратегиялық тұрғыдан маңызды ел. Қос мемлекет жаһандық көлік бағыттарының тоғысқан тұсында орналасқан.

Президент мейманға Қазақстанның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, сондай-ақ еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ету аясындағы стратегиялық міндеттері туралы мәлімет берді.

Тараптар екі ел экономикасының ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы, ІТ және цифрландыру секілді маңызды салаларда өзара ықпалдастық перспективасына тоқталды.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуразияның басты транзит торабы ретінде «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Солтүстік – Оңтүстік және Орта дәліз көлік бағыттарын дамытуға белсенді түрде атсалысып жатыр. 

Осыған орай кездесуде екі ел арасындағы көлік байланысын жолға қоюдың өзектілігіне назар аударылды. Бұл сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге септігін тигізеді.

Ақорда
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Мин Аун Хлайнды Қазақстанның ұлтаралық және конфессияаралық саясатымен таныстырды.

Атап айтқанда, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты, толеранттылық ұстанымы, сондай-ақ Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізу бастамасы жөнінде баяндады.

Мин Аун Хлайн Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, өзара мүддеге сай бағыттар бойынша конструктивті ынтымақтастық орнатуға және бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін растады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жаңа серіктес: Мьянма жайлы 5 сұрақ туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар