Тоқаев пен Ердоған Қазақстан мен Түркия серіктестігін нығайтуға ниетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқаны үшін Түркия Президентіне алғыс айтып, әріптесі мен барша түрік халқын ұлттық мереке — Республика күнімен құттықтады.
Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті екенін растады.
Мемлекеттер басшылары мәңгі достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
— Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайту перспективасына айрықша назар аударылды, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапары басталды. Айта кетейік, Мемлекет басшысын Анкара қаласындағы Этимесгут әуежайынан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған күтіп алған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Анкарада мемлекеттер басшылары кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған келіссөздер жүргізеді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысатыны хабарланған еді.