Тоқаев пен Оман Сұлтаны АХҚО-ның инвестициялық мүмкіндіктерімен танысты
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге сапармен келген Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саид «Астана» халықаралық қаржы орталығын аралап көрді. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров мәртебелі меймандарға орталық жұмысының нәтижелерін таныстырды. Сонымен қатар Қазақстан мен Оман арасындағы инвестициялық-экономикалық қатынастарды одан әрі жандандыру үшін Орталық қандай мүмкіндіктер ұсына алатынына тоқталды.
АХҚО ашылғаннан бері Қазақстанға 28 миллиард доллардан астам инвестиция тартқан. Орталықта 90 елден 6600-ден астам компания тіркелген.
Екі ел басшыларына ағылшын құқығына негізделген қаржы орталығы юрисдикциясындағы ерекшеліктер, АХҚО-ның қаржы қызметін реттеу комитеттерінің, АХҚО Соты және Халықаралық төрелік орталығының қызметі туралы мәлімет берілді.
Бұдан бөлек, Орталықтың исламдық қаржыландыру саласындағы мүмкіндіктері, сондай-ақ тәулік бойы консультациялық қолдау көрсететін AIDA (AIFC Intelligent Digital Assistant) интеллектуалдық ассистенті жайында баяндалды.
Айта кетейік, бүгін елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты қарсы алу рәсімі өтті.
Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид шағын құрамда келіссөз жүргізді.